- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шығыстану факультетінде шетелдік жоғары оқу орындарының қатысуымен халықаралық шешендік өнер байқауының II кезеңі өтті
Шығыстану факультетінде шетелдік жоғары оқу орындарының қатысуымен халықаралық шешендік өнер байқауының II кезеңі өтті
2026 жылғы 8 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Мордовия мемлекеттік ұлттық зерттеу университетімен (Н.П. Огарёв атындағы ММУ) бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық шешендік өнер байқауының II туры өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырушылары — Сапарбаева Нуржан Балтажановна және Бабенкова Елена Александровна болды.
Байқауға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь елдерінен 8 жоғары оқу орны қатысты. Атап айтқанда: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Қазақстан), Н.П. Огарёв атындағы Мордовия мемлекеттік университеті (Ресей), «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті (Ресей), Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университеті (Беларусь), Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университеті, Сулейман Демирел университеті (Қазақстан), Каспий университеті (Қазақстан) және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті (Қазақстан). Жалпы байқауға 64 студент қатысты.
Қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөздерімен шығыстану факультетінің халықаралық байланыстар және ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі декан орынбасары Н. Қайранбаев, сондай-ақ серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері: С.И. Пискунова (Мордовия мемлекеттік университеті, философия ғылымдарының докторы, доцент), Е.А. Колесникова («Жоғары экономика мектебі» ҰЗУ, Шет тілдері мектебінің директоры), В.С. Дробыш (Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университеті, аударма және мәдениетаралық коммуникация кафедрасының оқытушысы), Д. Мубаракова (Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университеті, PhD, доцент, шет тілдері кафедрасының меңгерушісі) сөйледі.
Байқаудың негізгі мақсаты – шет тілінде көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіру және дарынды қатысушыларды анықтау арқылы олардың өзін-өзі жүзеге асыруы мен әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.
Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға, риторика негіздерін меңгеруге, вербалды және вербалды емес коммуникация құралдарын пайдалана отырып көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, шығармашылық ойлауды дамыту, стандартты емес шешімдер табу қабілетін қалыптастыру, білім алушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, сондай-ақ дарынды және жоғары тілдік дайындықтағы студенттерді анықтау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға басымдық берілді.
Байқау жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтіп, студенттердің шешендік өнерге, мәдениетаралық коммуникацияға және шет тілдерін терең меңгеруге деген тұрақты қызығушылығын арттыра түсті.

