Деменция дерті:нені білу маңызды? — КазНУ

91ý

Деменция дерті:нені білу маңызды?

22 декабря 2025
Деменция дерті:нені білу маңызды?

Бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан әлемде ой айқын­ды­ғы мен есте сақтау қабілеті бұрынғыдан да құн­ды. Алайда жас ұлғайған сайын кей адамдар өте күрделі мәселеге тап болады: ол деменция дерті. Бұл жай ғана «кәрілікке тән ұмытшақтық» емес, ерекше назар мен қолдауды талап ететін ауыр синдром екенін түсіну маңызды. 

Деменция – белгілі бір ау­рудың атауы емес, ког­ни­тивтік функциялардың тө­мендеуімен байланысты кең ауқымды белгілерді сипаттайтын жалпы тер­мин. Ол адамның жадын, ой­лау қабілетін, бағ­дар­ла­нуын, түсінуін, есептеуін, үйрену дағдыларын, сөй­леуін және пайымдауын әл­сіретеді.

Деменцияның ең жиі кез­­­десетін түрі –  Альц&;гей&;мер ауруы (60-70 пайыз  жағ­­дай). Сонымен қатар ин­сульттерден кейін пайда бо­ла­тын тамырлық деменция секілді өзге түрлері де бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) де­ректері бойынша, бүгінде әлемде 55 миллионнан ас­там адам деменциямен өмір сүріп жатыр. Жыл сайын шамамен 10 миллион жаңа жағдай тіркеледі.

Тағы бір алаңдатарлық мәлімет – алдағы бол­жам­дар. Халықтың жалпы қар­тайып бара жатуына бай­ла­нысты бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 78 миллионға, ал 2050 жылға қарай 139 мил­лион адамға жетуі мүм­кін.

 

Ерте диагностика: назар аударуға тиіс 10 белгі

 

Деменциямен күрестегі ең маңызды қадам – оны ер­те анықтау. Көбіне ал­ғаш­қы белгілерді шаршау, күй­зе­ліс немесе «кәрілік» деп қа­былдап, мән бермей жа­тады. Бірақ қалыпты жасқа байланысты өзгерістер мен қауіпті симптомдарды ажы­рата білу қажет.

Төмендегі белгілер бай­қалса, ерекше назар ау­да­рыңыз:

1. Таяуда болған оқи­ға­лар­ды немесе маңызды ақпаратты жиі ұмыту, бір сұ­рақты қайта-қайта қою, үнемі жазбаға жүгіну.

2. Өмір бойы жүргізіп кел­ген бюджетті есептей ал­мау, бұрыннан білетін ре­цепт­ті орындай алмау, тап­сыр­маға шоғырланудың қиындауы.

3. Таныс бағытта ада­сып қалу, көп жыл қолданған ми­­кротолқынды пешті не­месе сүйікті ойын ережесін ұмыту.

4. Уақытты шатастыру – күн, ай, жыл мезгілдерін ажы­­рата алмау; өзінің бір жер­ге қалай келгенін тү­сін­беу.

5. Оқу, арақа­шықтық­ты бағалау, түстерді ажы­ра­ту­дың қиындауы. Бұл тек көз­дің мәселесі емес, мидың ақ­паратты өңдеу қабілетінің бұзылуы болуы мүмкін.

6. Әңгіме барысында тоқ­тап қалып, ойын жал­ғас­­тыра алмау; сөздерді ша­тас­тыру (мысалы, «тіс щет­касы» орнына «тіс та­залайтын нәрсе» деу).

7. Кілтті тоңазытқыштан, әмиянды қазаннан табу; жо­ғалтқан затты қайда қой­ғанын есіне түсіре алмау, тіпті басқа адамдарды кі­нә­лау.

8. Түсініксіз қаржылық ше­шімдер қабылдау (бөгде адамдарға ірі соманы беру), жеке гигиенаны елемеу.

9. Сүйікті істерінен бас тар­ту, достар немесе от­басымен кездесу ниетінің жо­ғалуы, апатия, теледидар алдында сағаттап отыру.

10. Күмәншіл, абыр­жы­ған, көңілсіз, үрейлі болу; бей­таныс ортада тез ашу­лану немесе қорқу.

Өзіңізде немесе жақын ада­мыңызда мұндай бел­гілерді байқасаңыз, оны еле­мей жүре беруге бол­май­ды. Мұндайда нев­ро­лог­қа қаралу қажет.

 

Тәуекелді азайтуға бола ма?

 

Жас және генетикалық фак­­торлар әсер ететіні рас. Бірақ өмір салтын өзгерту арқылы деменцияның даму қаупін төмендетуге болады.

1. Дене белсенділігі: үне­­мі қимыл-қозғалыс ми үшін өте пайдалы. Би билеу де – тамаша жаттығу.

2. Дұрыс әрі алуан түрлі тағам: көкөніске, балыққа, зәйтүн майына бай мәзір жақсы нәтиже көрсетеді.

3. Зияткерлік және әлеу­мет­тік белсенділік: кітап оқу, өлең жаттау, жаңа тіл үйрену, кроссворд шешу, жақындармен араласу. Есте сақтауды дамытуға музы­ка­лық аспаптарда ойнау да ерекше пайдалы.

4. Денсаулықты бақылау: қан қысымын, қант пен хо­лес­терин деңгейін тұрақты тексеріп отыру.

 

Деменция – отбасы үшін де сынақ

 

Бұл – тек пациенттің ға­на емес, бүкіл отбасының ор­тақ күресі. Түсіністік, са­быр және уақтылы меди­ци­налық көмектің маңызы зор. Деменциямен өмір сүру кезеңін мүмкіндігінше жақ­сы өмір сапасымен өткізу үшін қолдау қажет.

Деменциямен ауыра­тын адамдар санының жыл сайын артуы қазіргі жағ­дай­ды бағалаумен қатар, бола­шақ­тағы таралу бол­жам­­да­рын жасау қа­жет­тігін көр­­сетеді. Бұл ден­сау­­лық сақ­тау жүйесін жос­­­пар­лау­да, кадрлық және қаржылық ре­сурс­тар­ды бөлуде, мем­лекеттік ше­шім­дерді дә­лел­ді қа­был­дауда аса маңызды.

 

Гүлсана МҰСАҒАЛИЕВА

Саясат және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасы