ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! — КазНУ

91ý

ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

12 апреля 2026
ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалым-профессорлары, жас ізденушілер!

Сіздерді айтулы мереке – Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ғылым мерекесі – ұлттық интеллектуалды элитамыз үшін тарихи тағылым мен болашаққа бағдар тоғысатын айрықша меже. Бұл күннің ұлт мақтанышы Қаныш Сәтбаев есімімен сабақтасуында терең тарихи әділдік бар.

Қаныш Имантайұлы – қазақ ғылымын жүйелеп, оны мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігінің берік негізіне айналдырған бірегей реформатор. Бүгінде біз ұлы ғалым салған сара жолды жаңа технологиялық деңгейде жалғастыруды басты миссиямыз деп білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз», – деп атап өтті.

Біз үшін ғылым – құрғақ есеп берудің құралы емес, елге шынайы қызмет етудің басты тетігі. Біз ғылыми ізденістерді ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайту және технологиялық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін дамытамыз.

Жақында Мемлекет басшысы университетімізге арнайы келіп, қара шаңырақтың ғылыми әлеуетімен жақыннан танысты. Сапар барысында Президентіміз отандық ғылымға өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар ғалымдарымыздың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл – тек марапат иелеріне ғана емес, бүкіл университет ұжымына көрсетілген зор сенім мен айрықша құрметтің белгісі. 

 

Құрметті әріптестер!

Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы 8 ғылыми-зерттеу институтын, 39 ғылыми орталықты және 140-тан астам зертхананы қамтитын қуатты кешенге айналды. Бүгінде бұл зертханалар қабырғасында 400-ге жуық маңызды ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар университетімізде 50-ден астам заманауи ғылыми-инновациялық нысан құрылып, соңғы жылдары тартылған инвестиция көлемі 110 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткіштер – біздің ғылымды өндіріспен ұштастыруға деген ұмтылысымыздың нақты нәтижесі.

Біз үшін ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру алдағы уақытта да басты басымдық болып қала береді. Мемлекет басшысы белгілеп берген «Әділетті Қазақстанның» жаңа экономикалық моделін құруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. 

Осы жолда аянбай еңбек етіп, отандық ғылымның дамуына барын салып жүрген барша ғалымдарымызға, ардагер ұстаздарымыз бен жас ізденушілерімізге шынайы алғысымды білдіремін.

Барша әріптестерімді, ғалымдар мен ізденушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Осы мерекелі күні сіздерге сарқылмас шабыт, жаңа ғылыми белестер және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Зерттеулеріңіз нақты нәтиже беріп, идеяларыңыз ел игілігіне қызмет ете берсін!

Интеллектуалды ұлттың ғылыми қуаты арта берсін!

 

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ