Қандастарды қанаттандырған ҚазҰУ — КазНУ

91ý

Қандастарды қанаттандырған ҚазҰУ

7 апреля 2026
Қандастарды қанаттандырған ҚазҰУ

Қазақстанда қандастар, оралмандар немесе қазақ диаспорасы деген феномен ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасқан қоғамдық құбылыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оралған этникалық қазақ жастары жоғары оқу орындары мен ғылым академияларына келген еді. Бұл мекемелердің басшылары, үлкен парасат иелері алыс-жақыннан келген қандастарды құшақ жая қарсы алды. Олардың кейбіреуін аспирант, кейбіреуін ізденуші, тағы біреуін оқытушы немесе ғылыми қызметкер ретінде қабылдап, жатақхана беріп, шәкіртақы мен жалақы тағайындады. Сөйтіп, олардың қоғамға тезірек сіңісуіне қолайлы жағдай жасады. Қазіргі таңда елімізде қандастарды қабылдау және білім беру жүйесі кемелденді, олардың өз талантын көрсетуіне барлық шарт-жағдай жасалды. Соның нәтижесінде қандас жастардың арасынан отандық ғылымға зор үлес қосып жатқан жетекші ғалымдар көбейді. Бүгін біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім беріп қанаттандырып, ғылымның зеңгір көгіне ұшырған қандас ғалымдардың бірнешеуін ғана таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Жанар ЖЕҢІС. 1976 жылы Қы­тайда дүниеге келген. 1999 жылы Шыңжаң университеті Хи­мия және химиялық ин­же­нерия институтының «Қол­дан­балы химия» мамандығын үз­дік бітіріп, сол институтқа оқы­­­­тушы қызметіне ор­на­лас­ты. 2004 жылы ҚазҰУ-дың «Ор­ганикалық заттардың хи­мия­лық технологиясы» ма­ман­дығы бойынша магистратураға тү­сіп, 2006 жылы қызыл дип­лом­мен бітіріп, док­то­ран­ту­рада оқы­­ды. 2009 жылы «Ор­га­ни­калық заттардың химия, ка­та­лиз және өсімдіктер хи­мия­сы» мамандығы бойынша PhD док­тор дәрежесін қор­ғады. 2015 жылы химия және хи­мия­лық технология фа­куль­те­тінің до­цен­ті, 2018 жылдан про­фес­сор, 2019 жылдан уни­­верситет жа­нындағы Дәрілік өсім­дік­тер­ді ғылыми-зерттеу ор­талы­ғы­ның директоры қыз­ме­тін ат­қа­рып келеді.

Жанардың жетекшілігімен «Қазақстанның дәрілік өсім­дік ресурстарынан табиғи био­­­ло­гиялық белсенді зат­тар­дың құ­ра­мын химиялық және фар­ма­кологиялық зерт­теулер» сияқ­ты 9 гранттық жоба орын­далды. Сондай-ақ ол «Тұмау вирусына қарсы әлеует­­ті ботаникалық фор­му­ла» қатарлы 7 халықаралық жо­­­баға жетекшілік етті және 2 жобаның атқарушысы болды.

Жанар 150-ден астам ғы­лы­ми еңбек жариялады. Оның кө­бі Scopus жүйесіндегі жо­ға­ры импакті журналдарында, ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған жур­нал­дар­да жарық көрді, 7 кітабы бас­падан шықты, 12 патент ал­ды.

2022 жылы ҚазҰУ-да өсім­дік негізіндегі өнімдерді өн­ді­руге арналған шағын кәсіпорын іске қосылды. 2022 және 2024 жылдары мемлекеттік тіркеуге «TKM-Immuno», «JPlant-Immuno» және «JPlant-Vita» биоло­гия­лық белсенді қоспаларын сәтті тіркеп, куәлік алды.

Профессор Ж.Жеңісқызы шет­елге шақырылған зерт­теуші ретінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдеріндегі та­нымал зерттеу инсти­тут­та­рына барып, әріптестерімен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп келді. Қазіргі таңда ол ел ішінде және халықаралық та­нылған жетекші ғалым. Аме­рикалық фармакогнозия қо­ғамы (ASP) сияқты бес бірдей ха­лықаралық техникалық кон­суль­тативтік ғылыми қауым­дас­­тықтың мүшесі.

Жанар Жеңісқызының ғы­лым­дағы ерен еңбектері ес­керіліп, Қазақстан Пре­зи­ден­тінің «Ерен еңбегі үшін» ме­­­­далімен, сондай-ақ ми­нис­трлік пен университеттің көп­теген медальдарымен ма­ра­патталды.

Әлібек ЫДЫРЫС. 1985 жылы Қытайда өмір есігін аш­қан. 2006-10 жылдары ҚазҰУ-дың «Биология» мамандығын оқып, сондай-ақ оны қызыл дипломмен бітірді. 2010 жылы «Геоботаника» мамандығы бо­йын­ша магистратураны бітірді. 2012-15 жылдары «Гео­бо­та­ни­ка» мамандығы бойынша док­то­рантурада оқыды. Оқуын аяқ­­таған жылы PhD доктор ғы­лы­ми дәрежесін қорғады.

2016-20 жылдары ҚазҰУ-дың Биофизика және био­ме­ди­цина кафедрасының ғылым жө­ніндегі орынбасары қыз­ме­тін атқарды. 2020 жылы Пре­зи­денттік жастар кадр резервіне өтіп, Биомедицина ғылыми-зерт­­­­­теу орталығының ди­рек­то­ры қызметіне тағайындалды. 2022-23 жылдары Джордж Ва­­шингтон университетінің (Geo­r­­ge Washington university) Эл­лиотт халықаралық қа­ты­настар мектебінде «Болашақ» бағ­дар­ла­масы бойынша та­ғы­лым­да­мадан өтті.

2022-24 жылдарға арналған AP13067924 жобаның және 2024-26 жылдарға белгіленген AP23484931 жобаның жетек­ші­сі. Сонымен бірге бірнеше ха­лық­аралық және отандық грант­тық жобаларды орын­да­ды.

Scopus базасына енетін ES Food & Agroforestry (97%) журналының көмекші редак­торы, бірнеше Web of Science және Scopus дерекқорына кі­ретін басылымдардың ре­цен­зенті. 2004 жылдан био­логия ғылымының профессоры қыз­ме­тін атқарып келеді. Қа­зірге дейін оның ғылыми мақала­ла­рының 55-і Scopus базасында, 42-сі және 8 тезис Web of Science жүйесіндегі ха­лықаралық журналдарда, 15-і ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған жур­налдарда жарияланды, 2 мо­нографиясы баспадан шық­ты.

Профессор Ә.Ыдырысұлы 2016 жылы ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалымы» дипломының, 2016, 2024 жылдардағы да­рын­­ды жас ғалымдарға арнал­ған мемлекеттік ғылыми сти­пен­дияның иегері болды.

Базаргүл МӘТКЕРІМ. 1984 жылы Қытайда дүниеге кел­ген. 2002-07 жылдары ҚазҰУ-дың механика-ма­те­матика факуль­те­тінде «Информатика» ма­ман­­­­дығы бойынша білім алды. 2007-09 жылдары «Ин­фор­ма­тика» мамандығы бойынша ма­гис­тратурада оқыды, 2015 жылы компьютерлік ғылымдар бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін қорғады.

Қазір ол доцент-зерттеуші, сонымен қатар университет жанынан құрылған Төмен биік­тік экономикасы индустриялық ор­талығының директоры қыз­метін қоса атқарады. «Жа­сан­ды интеллектіні қолдану ар­қы­лы Қазақстан әйелдері сүт безі обырын ерте анықтау» сияқты 4 жобаға жетекшілік етті. «Клас­сикалық (GPU) және кванттық есептеулер негізінде мұнайды ығыстыру есептерін шешуге арналған жоғары өнімді гиб­рид­ті алгоритмдерді әзірлеу» секілді 8 жобаны орындады.

Б.Мәткерімқызы Ұлы­бри­та­­ния, Ресей, Португалия, Швей­­ца­рия, Қытайдың ғы­лы­ми-зерт­­теу инсти­тут­та­рында әріп­­­­тестерімен бірлесіп зерт­теу жүргізіп, тәжірибе ал­масып отырады. Соңғы бес жыл­да оның 8 мақаласы SCOPUS жүйе­сінде, 4 мақаласы ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған жур­нал­дарда жарияланды.

Манат МҰСТАФА. 1980 жылы Қытайда дүниеге келген. 2003-13 жылдары ҚазҰУ-дың механика-математика фа­куль­­­­те­тінің «Математика» ма­­­ман­ды­ғы бойынша бака­лавр, ма­гистр және PhD док­­то­­ран­тураны оқып бітіріп, «Бір­текті монотонды емес есеп­­­те­лім­діліктер» тақыры­бын­­да ма­те­матика ғылымының PhD док­торы дәрежесін қор­ға­ды. Сол жылы Сингапурдың Наньянг технологиялық уни­вер­си­те­ті­нің шақыруымен екі жыл пост­док­торантура бағы­тын­да ғы­лы­ми-зерттеу жүр­гізді және сту­­дент­терге дәріс оқыды.

2014 жылдан бері ол На­зар­баев университетінде ма­те­ма­тикалық логика бойынша зерт­теумен шұғылданады және сту­­­денттерге лекция оқиды, ма­­гистрант, докторанттарға же­­­текшілік жасайды. Қауым­дас­­­­тырылған профессор. «Есеп­­­­­­телетін модельдер тео­риясы» сияқты бірнеше бәсе­ке­л­ес ғылыми жобалардың же­текшісі және орындаушысы бол­ды. Оның 42 мақаласы Algebra and Logic, Mathematical Logic Quarterly, Annals of Pure and Applied Logic, Journal of Algebra, Arch. Math. Logic және Synthese сияқты халықаралық беделді журналдарда жа­рия­ланды.

М.Мұстафа Италия, Испа­ния, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Корея, Финляндия, Болгария, Ресей, АҚШ және Қытайдың жетекші универ­си­теттеріне шақырумен барып дәріс оқып, тәжірибе алмасты.

Міне, бұл ғалымдар – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан білім алып қанаттанып ғы­лым­ның көгіне самғаған, елімізде және әлемде кең танылған қандас ғалымдар. Бұлар сияқ­ты Қазақ ұлттық универ­си­те­тінен білім алып, үлкен же­тіс­тіктерге қол жеткізген, еліне сүбелі үлес қосқан қандас ма­ман­дар жетерлік. Алайда газет көлемінің шекті екенін ескеріп, оларды қысқартуға мәжбүр болдық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті та­лантты жастарға қанат бітіретін бі­лім мен ғылымның алтын ор­дасы.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, 

т.ғ.д., Қытайтану кафедрасының профессоры