Қазақстанда қандастар, оралмандар немесе қазақ диаспорасы деген феномен ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасқан қоғамдық құбылыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оралған этникалық қазақ жастары жоғары оқу орындары мен ғылым академияларына келген еді. Бұл мекемелердің басшылары, үлкен парасат иелері алыс-жақыннан келген қандастарды құшақ жая қарсы алды. Олардың кейбіреуін аспирант, кейбіреуін ізденуші, тағы біреуін оқытушы немесе ғылыми қызметкер ретінде қабылдап, жатақхана беріп, шәкіртақы мен жалақы тағайындады. Сөйтіп, олардың қоғамға тезірек сіңісуіне қолайлы жағдай жасады. Қазіргі таңда елімізде қандастарды қабылдау және білім беру жүйесі кемелденді, олардың өз талантын көрсетуіне барлық шарт-жағдай жасалды. Соның нәтижесінде қандас жастардың арасынан отандық ғылымға зор үлес қосып жатқан жетекші ғалымдар көбейді. Бүгін біз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім беріп қанаттандырып, ғылымның зеңгір көгіне ұшырған қандас ғалымдардың бірнешеуін ғана таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Жанар ЖЕҢІС. 1976 жылы Қытайда дүниеге келген. 1999 жылы Шыңжаң университеті Химия және химиялық инженерия институтының «Қолданбалы химия» мамандығын үздік бітіріп, сол институтқа оқытушы қызметіне орналасты. 2004 жылы ҚазҰУ-дың «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2006 жылы қызыл дипломмен бітіріп, докторантурада оқыды. 2009 жылы «Органикалық заттардың химия, катализ және өсімдіктер химиясы» мамандығы бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады. 2015 жылы химия және химиялық технология факультетінің доценті, 2018 жылдан профессор, 2019 жылдан университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарып келеді.
Жанардың жетекшілігімен «Қазақстанның дәрілік өсімдік ресурстарынан табиғи биологиялық белсенді заттардың құрамын химиялық және фармакологиялық зерттеулер» сияқты 9 гранттық жоба орындалды. Сондай-ақ ол «Тұмау вирусына қарсы әлеуетті ботаникалық формула» қатарлы 7 халықаралық жобаға жетекшілік етті және 2 жобаның атқарушысы болды.
Жанар 150-ден астам ғылыми еңбек жариялады. Оның көбі Scopus жүйесіндегі жоғары импакті журналдарында, ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған журналдарда жарық көрді, 7 кітабы баспадан шықты, 12 патент алды.
2022 жылы ҚазҰУ-да өсімдік негізіндегі өнімдерді өндіруге арналған шағын кәсіпорын іске қосылды. 2022 және 2024 жылдары мемлекеттік тіркеуге «TKM-Immuno», «JPlant-Immuno» және «JPlant-Vita» биологиялық белсенді қоспаларын сәтті тіркеп, куәлік алды.
Профессор Ж.Жеңісқызы шетелге шақырылған зерттеуші ретінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдеріндегі танымал зерттеу институттарына барып, әріптестерімен бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізіп келді. Қазіргі таңда ол ел ішінде және халықаралық танылған жетекші ғалым. Америкалық фармакогнозия қоғамы (ASP) сияқты бес бірдей халықаралық техникалық консультативтік ғылыми қауымдастықтың мүшесі.
Жанар Жеңісқызының ғылымдағы ерен еңбектері ескеріліп, Қазақстан Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ министрлік пен университеттің көптеген медальдарымен марапатталды.

Әлібек ЫДЫРЫС. 1985 жылы Қытайда өмір есігін ашқан. 2006-10 жылдары ҚазҰУ-дың «Биология» мамандығын оқып, сондай-ақ оны қызыл дипломмен бітірді. 2010 жылы «Геоботаника» мамандығы бойынша магистратураны бітірді. 2012-15 жылдары «Геоботаника» мамандығы бойынша докторантурада оқыды. Оқуын аяқтаған жылы PhD доктор ғылыми дәрежесін қорғады.
2016-20 жылдары ҚазҰУ-дың Биофизика және биомедицина кафедрасының ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2020 жылы Президенттік жастар кадр резервіне өтіп, Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметіне тағайындалды. 2022-23 жылдары Джордж Вашингтон университетінің (George Washington university) Эллиотт халықаралық қатынастар мектебінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті.
2022-24 жылдарға арналған AP13067924 жобаның және 2024-26 жылдарға белгіленген AP23484931 жобаның жетекшісі. Сонымен бірге бірнеше халықаралық және отандық гранттық жобаларды орындады.

Scopus базасына енетін ES Food & Agroforestry (97%) журналының көмекші редакторы, бірнеше Web of Science және Scopus дерекқорына кіретін басылымдардың рецензенті. 2004 жылдан биология ғылымының профессоры қызметін атқарып келеді. Қазірге дейін оның ғылыми мақалаларының 55-і Scopus базасында, 42-сі және 8 тезис Web of Science жүйесіндегі халықаралық журналдарда, 15-і ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған журналдарда жарияланды, 2 монографиясы баспадан шықты.
Профессор Ә.Ыдырысұлы 2016 жылы ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалымы» дипломының, 2016, 2024 жылдардағы дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды.

Базаргүл МӘТКЕРІМ. 1984 жылы Қытайда дүниеге келген. 2002-07 жылдары ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде «Информатика» мамандығы бойынша білім алды. 2007-09 жылдары «Информатика» мамандығы бойынша магистратурада оқыды, 2015 жылы компьютерлік ғылымдар бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін қорғады.
Қазір ол доцент-зерттеуші, сонымен қатар университет жанынан құрылған Төмен биіктік экономикасы индустриялық орталығының директоры қызметін қоса атқарады. «Жасанды интеллектіні қолдану арқылы Қазақстан әйелдері сүт безі обырын ерте анықтау» сияқты 4 жобаға жетекшілік етті. «Классикалық (GPU) және кванттық есептеулер негізінде мұнайды ығыстыру есептерін шешуге арналған жоғары өнімді гибридті алгоритмдерді әзірлеу» секілді 8 жобаны орындады.
Б.Мәткерімқызы Ұлыбритания, Ресей, Португалия, Швейцария, Қытайдың ғылыми-зерттеу институттарында әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізіп, тәжірибе алмасып отырады. Соңғы бес жылда оның 8 мақаласы SCOPUS жүйесінде, 4 мақаласы ҚР БжҒМ БҒС БК ұсынған журналдарда жарияланды.

Манат МҰСТАФА. 1980 жылы Қытайда дүниеге келген. 2003-13 жылдары ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің «Математика» мамандығы бойынша бакалавр, магистр және PhD докторантураны оқып бітіріп, «Біртекті монотонды емес есептелімділіктер» тақырыбында математика ғылымының PhD докторы дәрежесін қорғады. Сол жылы Сингапурдың Наньянг технологиялық университетінің шақыруымен екі жыл постдокторантура бағытында ғылыми-зерттеу жүргізді және студенттерге дәріс оқыды.
2014 жылдан бері ол Назарбаев университетінде математикалық логика бойынша зерттеумен шұғылданады және студенттерге лекция оқиды, магистрант, докторанттарға жетекшілік жасайды. Қауымдастырылған профессор. «Есептелетін модельдер теориясы» сияқты бірнеше бәсекелес ғылыми жобалардың жетекшісі және орындаушысы болды. Оның 42 мақаласы Algebra and Logic, Mathematical Logic Quarterly, Annals of Pure and Applied Logic, Journal of Algebra, Arch. Math. Logic және Synthese сияқты халықаралық беделді журналдарда жарияланды.
М.Мұстафа Италия, Испания, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Корея, Финляндия, Болгария, Ресей, АҚШ және Қытайдың жетекші университеттеріне шақырумен барып дәріс оқып, тәжірибе алмасты.
Міне, бұл ғалымдар – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан білім алып қанаттанып ғылымның көгіне самғаған, елімізде және әлемде кең танылған қандас ғалымдар. Бұлар сияқты Қазақ ұлттық университетінен білім алып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген, еліне сүбелі үлес қосқан қандас мамандар жетерлік. Алайда газет көлемінің шекті екенін ескеріп, оларды қысқартуға мәжбүр болдық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті талантты жастарға қанат бітіретін білім мен ғылымның алтын ордасы.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
т.ғ.д., Қытайтану кафедрасының профессоры