ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! — КазНУ

91ý

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1 мая 2026
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен білім алушы жастары!

Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, ынтымақты ұлықтайтын қастерлі сәт. Бабалар аманаты болған бірлік пен тыныштық бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекетіміздің басты стратегиялық ресурсына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл – қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі мейрам. Бірлік күні халқымыздың тілектестігі мен ауызбіршілігі, өзара сыйластығы мен құрметі, отаншылдығы мен перзенттік сүйіспеншілігі кеңінен дәріптеледі», – деп атап өткен болатын. Президентіміз ұсынған «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» тұжырымдамаларының өзегі де осы қоғамдық келісімге келіп тіреледі.

Бүгінгі таңда әлемде орын алып жатқан күрделі геосаяси жағдайлар бізге бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін айқын көрсетіп отыр. Қазіргі заманда жаһандық бейбітшілік тек мемлекеттер арасындағы дипломатия емес, ол әрбір азаматтың, әрбір ұлттың ішкі ынтымағынан бастау алады. Сондықтан еліміздегі тұрақтылықты сақтау – біздің әлемдік қоғамдастық алдындағы ең басты жетістігіміз әрі жауапкершілігіміз.

Университет – түрлі мәдениеттер мен тағдырлар тоғысқан, бірлігі бекем үлкен шаңырақ. Біздің қара шаңырағымызда ондаған ұлт өкілдері иық тіресе еңбек етіп, білім алуда. Дәл осы әралуандық біздің интеллектуалдық әлеуетімізді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға күш береді.

Бірлік – біздің күнделікті іс-әрекетіміздегі өзара құрмет пен қолдау.

Баршаңызға осынау маңызды мерекеде мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!

Еліміздің аспаны ашық, достығымыз мәңгілік, бірлігіміз бекем болсын. Әрбір бастамаларыңыз сәттілікке ұласып, Қазақстанның өркендеуіне қосар үлестеріңіз арта берсін!

 

Ізгі ниетпен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы – Ректор  Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ