Музей қорындағы мерзімді басылымдардың деректанулық құндылығыFarabi University

91ý

Музей қорындағы мерзімді басылымдардың деректанулық құндылығы

4 мая 2026
Музей қорындағы мерзімді басылымдардың деректанулық құндылығы

Мерзімді басылымдар деректану тұрғыcынан алғанда құнды ақпарат көзі болып саналады. Әр кезеңдегі газеттер мен журналдар түрлі басылым жанрларын қамтиды: ресми құжаттар, жаңалықтар, статистикалық деректер, аналити­ка­лық мақалалар және жарнамалық материалдар. Соны­мен қатар сол кездегі идеологиялық көзқарасты, қол­да­ныстағы тілдің мән-жайын көрсетеді. Осы ерекшеліктердің өзі зерттеушілерге белгілі бір кезеңдегі оқиғалар мен үде­рістерді жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ басылым жиілігі арқылы үдеріс динамикасын анықтау мүмкіндігіне ие болады.

Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Ұлттық орталық музейінің қо­рын­да ғылыми қызығушылық ту­дыратын әр жылдардағы газеттер мен журналдар әлеу­меттік дамудың түрлі ас­пек­ті­лерін зерттеудің маңызды көзі. Бұл басылымдар өз кезеңіндегі саяси оқиғалармен қатар, ха­лық­тың күнделікті тұрмыс кө­ріністерін, қоғамдағы көңіл күй­ді, дәуірдің ерекшеліктерін көр­сете отырып, маңызды ақ­параттық және құжаттық қыз­метті атқарады. Басы­лым­дар­да жарық көрген материалдар араб әліпбиі қолданылған ке­зеңде жарық көргендіктен, қо­ғам дамуының сол кезеңіндегі тәжірибелерін зерттеу мәсе­ле­сінде құнды мағлұматтарды табуда, оқу, зерттеу кезінде ар­найы төте жазуды білмей­тін­дер үшін кедергіге кездесетін ба­сылымдардың қатарына жа­тады.
Музей қорындағы қоғам­дық-саяси «Айқап» журналы, қа­зақ баспасөзінде өз ізін қал­дырған басылымдардың бірі «Абай» журналы, «Шолпан» бі­лім, шаруашылық, саяси жур­на­лы, «Тілші» газеті, «Әйел тең­ді­гі» журналының сандары өз ке­зінде ұлттық қоғамдық са­наны қалыптастыру, саяси да­му мәселелерін талқылау ала­ң­ы­на айналды. 
Шығарылуына Ж. Ай­­мауы­тов, М.Әуезов белсене атса­лысқан «Абай» журналының бұл кезекті сандарында қа­зақ­тың зиялыларының мақала, өлең­дері басылған. Ал «Шол­пан» журналы төрт бөлімнен тұ­рады: 1. Шаруашылық бөлімі. 2. Әдебиет бөлімі. 3. Білім бө­лімі. 4. Саясат бөлімі. Кейбір ав­торлар аты-жөндерін толық жарияламаған.
1979 жылы музей қорына қа­былданған қазақ ұлттық бас­пасөзінің алғашқы үлгілерінің бірі болып саналатын «Айқап» журналының №1 санының ал­ғаш­қы төрт бетіне оқыр­ман­дар­ға арналған алғы сөз бе­ріліп, қоғамның күрмеулі мә­селелері көтерілген. 
Басылым деректерін жүйе­леу арқылы нақты тарихи ке­зең­дер мен оқиғаларды зерт­теудегі құндылығын анықтауға бо­лады. Кездесетін сандық кө­рініс салыстыруды, тал­дау­ды, статистикалық деректерді дайындауды жеңілдетеді. Мы­сал ретінде «Әйел теңдігі» жур­на­лының №11 (35) санындағы «Заң бөлімінде» Д.Баба­с­ұлы­ның «Қазақ әйелін азаттыққа жеткізу жөнінде заң жүзінде не істелді?» деген көлемді ма­қа­ласын алуға болады. Мақа­лада «Қазақ әйелін азаттыққа жет­кізу жөнінде заң жүзінде іс­телген іс үш түрге бөлінеді: 1. Әйел азаттығы жөнінде қан­дай заңдар шығарылды? 2. Әйел азаттығы жөнінде шы­ға­рылған заңдар сот меке­ме­­­лерінде қалай орын­далды? 3. Заңды орындау ісіне қазақ әйе­­лінің қатысы қаншалық бол­­­ды?» деп, әрқайсысына жеке-жеке тоқтала отырып, кел­тір­ген мәліметтер мен ци­фр­лар зерттеушілер үшін ма­ңызды ақпараттық негіз болып са­на­латыны күмән тудыр­май­ды.
Газеттер мен журналдар саяси идеялар эволюциясын, қоғамдық пікір динамикасын, жанрлардың дамуын ба­қы­лау­ға мүмкіндік беретін­дік­тен әлеу­меттанулық, тарихи зерт­теу­­лерде қолдануда, сондай-ақ мазмұнның әртүрлілігі қо­ғам­ның күнделікті өмірін, мүд­­десін көрсететін кешенді де­реккөз ретінде қолдануға жағдай жа­сай­ды.
Музей қорындағы мерзімді басылымдарға жүргізілген де­рек­танулық шолу олардың ақ­параттық әлеуетін, тарихи-мә­дени маңызын айқындауға мүм­кіндік берді.

Жанна&Բ;
ОРЫНБЕКОВА,&Բ;
ғылыми қызметкер