Қаржылық сауаттылықтың алғышарттары
ТДМ 4. 2026 жылдың 31 наурызында «Қаржылық сауаттылық» акциясы аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде студенттер үшін аса маңызды әрі мазмұнды кездесу өтті. Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен арнайы қонаққа шақырылған спикер - Ташкинов Мұхит Әбдрахманұлы, Нұрбанк АҚ Басқарма Төрайымының Аппараты Аударма бөлімінің бастығы, қаржылық сауаттылық тақырыбында дәріс оқыды. Қазіргі қоғамда қаржыны дұрыс басқару - тек экономистер мен қаржыгерлерге ғана емес, әрбір азаматқа қажетті маңызды дағды. Осы тұрғыдан алғанда, өткен дәрістің маңызы ерекше болды. Спикер студенттерге қаржыны тиімді басқарудың негізгі қағидаларын түсіндіріп, жеке бюджетті жоспарлаудың нақты жолдарын көрсетті.
Дәріс барысында қаржылық сауаттылық алғышарттарына жан-жақты жауап берілді. Бұл ұғым тек ақша табумен шектелмей, оны дұрыс жұмсау, жинақтау және көбейту дағдыларын қамтитыны айтылды. Студенттер сұрақтарын қойып пайдалы дәріс болғанын жасырмады. Сонымен қатар, күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық қателіктерге тоқталып, олардан қалай сақтану керектігі түсіндірілді. Ерекше назар аударылған тақырыптардың бірі - табысты тиімді бөлудің әдістері болды. Соның ішінде «50–30–20» қағидасы кеңінен талқылады. Бұл әдіс бойынша табыстың 50 пайызы негізгі қажеттіліктерге (тамақ, тұрғын үй, оқу ақысы), 30 пайызы жеке қажеттіліктер мен қалауларға, ал 20 пайызы жинақ пен инвестицияға бағытталуы тиіс. Аталған тәсіл қаржыны жүйелі басқаруға және болашаққа сенімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәріс барысында ақша табудың заманауи тәсілдері де сөз болды. Спикер студенттерге тек бір ғана табыс көзіне тәуелді болмау керектігін айтып, қосымша табыс табудың жолдарын қарастыруға кеңес берді. Бұл өз кезегінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды қадамы екені атап өтілді. Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай ашық диалог білім алушылардың қаржылық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік дағдыларын дамытуға ықпал етте алды.
Қорыта айтқанда, бұл дәріс студенттер үшін үлкен тәжірибе және пайдалы кеңестер болды. Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың негізі. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың саналы шешім қабылдауына, өз қаржысын дұрыс басқаруына және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
Кафедра оқытушылары: Анар Қалибекқызы,
Махаббат Альмухаметова,
Назерке Тлеубаева