Жас мамандарға серпін берген білім додасыFarabi University

91ý

Жас мамандарға серпін берген білім додасы

20 апреля 2026
Жас мамандарға серпін берген білім додасы

Елорда төрінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен республикалық пәндік олимпиада жас журналистер мен баспа ісі мамандары үшін маңызды алаңға айналды. Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі мен Журналистика және медиаөнер кафедрасы ұйымдастырған бұл білім сайысы шығармашылық пен кәсіби шеберлікті ұштастырған тағылымды шара болды. Олимпиада барысында еліміздің әр өңірінен келген студенттер өз білімдерін ғана емес, креативті ойлау қабілеттерін де жан-жақты көрсете білді. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсіп, командалық жұмыс, жедел шешім қабылдау және шығармашылық ізденіс секілді маңызды дағдыларын дәлелдеді. Әсіресе, топтардың өздерін таныстыруы, бейнероликтер арқылы идеяларын жеткізуі мен кітапты жарнамалау бағытындағы тапсырмалары ерекше қызығушылық тудырды.

 Білім додасының мазмұны қазіргі медиа мен баспа ісінің талаптарына сай құрылып, қатысушыларға «Қазіргі баспа ісі», «Кітаптану», «Полиграфиялық технологиялар» бағыттары бойынша терең білімдерін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар мәтінмен жұмыс істеу, редакциялау, аннотация жазу сияқты кәсіби машықтар да назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде сапалы өнім ұсынуға тырысып, нағыз маманға тән жауапкершілік пен шеберлікті көрсетті.

     Сайыстың ерекше кезеңдерінің бірі – шығармашылық тапсырмалар болды. Кітап мазмұнын постер, комикс және түрлі заттар арқылы бейнелеу қатысушылардың қиялының ұшқырлығын байқатты. Мұндай формат жастардың тек теориялық білімін емес, практикалық және креативті қабілеттерін қатар дамытуға ықпал ететіні анық.Осындай білім сайыстары бүгінгі жастар үшін аса қажет. Себебі олар студенттерге өз мүмкіндігін көрсетуге, жаңа ортада тәжірибе жинауға және болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға жол ашады. Мұндай ортада өскен жас мамандар ертеңгі күні елдің ақпараттық кеңістігінде өз орнын табары сөзсіз.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар келесідей бөлінді:
 І орынды – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Көксеңгірлер» тобы иеленді.
 ІІ орын – осы оқу орнының «Алдаспан» тобына бұйырды.
ІІІ орынды – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қаламгерлер» тобы жеңіп алды.

Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, барлық қатысушылар үшін бұл олимпиада үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас буынның білім мен шығармашылыққа деген құлшынысын арттыра беретіні анық. Осындай додада шыңдалған студенттер тек теориялық біліммен шектелмей, өмірлік тәжірибе жинақтап, кәсіби ортада өз орнын табуға бір қадам жақындай түседі. Бұл олимпиада – жастардың өз-өзіне деген сенімін нығайтып, жаңа идеяларға жол ашатын маңызды алаң. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, тың көзқарастар мен заманауи ойлау үлгілерін қалыптастыруға мүмкіндік алды. Бәсекелі орта олардың жауапкершілігін арттырып, шығармашылық ізденіске жетеледі. Алдағы уақытта да осындай білім сайыстары көбейіп, талантты жастарды қолдау жалғасын табатынына сенім мол. Себебі ел болашағы – білімді де білікті, ойы ұшқыр, жаңашыл жастардың қолында.

 

Аяжан ТОҚТАСЫН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң баспагерлік,

редакторлық және дизайнерлік өнер

кафедрасының 3-курс студенті