Басты міндет – білікті маман даярлауFarabi University

91ý

Басты міндет – білікті маман даярлау

12 мая 2026
Басты міндет – білікті маман даярлау

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің ашылға­ны­на аса көп уақыт бола қоймаса да, факультет бүгінде заман талабына сай білімі мен білігі тең кәсіби маман-кадрларды даярлаудың тың үлгісін қалыптастырып, үлкен жетістіктерге жете бастады.

Медицина және денсаулық сақтау факультетінде білім бе­ру­дің барлық деңгейін қоса алғанда, әлемнің 40-тан аса елінен 3000-нан астам сту­дент білім алады. Бұл фа­куль­тетте клиникалық симу­ля­ция­лық ор­талық, кли­никалық диа­г­нос­ти­калық орталық, сто­­ма­то­ло­гия­лық орталық, хи­­­мия-токсикология зертха­насы, оқу дәрісханасы – бар­лық дең­гей­де білім алатын студенттер үшін маңызды оқу базасы. Осы игіліктің бәрі студенттерге қыз­­мет етеді.

Ғылым, білім беру, ме­ди­ци­налық практика мен иннова­ция­ның орталығы ретінде фа­куль­тет танымал шетелдік уни­­­верситеттермен тығыз қа­­рым-қатынас орнатқан. Әлем­нің әйгілі ғалымдары «ви­зи­тинг-профессор» бағ­­­дар­ламасы бо­­­йынша келіп, білім алу­шы­ларға арнайы дәріс оқиды. Тәжірибе алмасады, бірлескен ғылыми жобаларды іске асы­рады. Фа­культеттің студент­те­рі мен оқы­ту­шылары акаде­мия­лық ұт­қыр­лық бағ­дар­ламасы аясында әлемнің үздік уни­вер­си­тетте­рінде тағылымдамадан өтіп, кәсіби шеберлігін шың­дау­да.

 ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультеті осылайша еліміздегі кадр тап­шылығын жоюға сүбелі үлес қосып отыр. Бұл факультеттің Хирургия кафедрасы соңғы жылдары «Алматы аймақтық көп­салалы клиникасы» мем­лекеттік кәсіпорнымен етене жұмыс істеп, тығыз байланыс орнатқан. Арадағы меморан­дум аясында Хирургия ка­фе­драсы осы аурухана базасында орналасқанын айта кету орын­ды. Факультеттің студенттері, интерндері мен резидент-дә­рігерлері қазір осы клиникада хирургиялық пәндер бойынша білім алады. Мұнда студент­тер­ге сабақ өтуге, тәжірибе жи­науға қолдан келгенше мүм­кіндік жасалған. Сабақ өтетін арнайы бөлме берілген, дәріс оқитын конференц-зал да білім алушыларға қызмет етеді. Одан бөлек, практикалық са­бақ­тар барысында рези­дент­тер мен интерндер науқас­тар­ды емдеуге атсалысып, тіпті операцияларға ассистент ре­тінде қатысады. Ал білікті мамандар өздері де күрделі ота жасап, білім алушыларға кәсіби шеберлігін көрсетеді. Еліміздің жоғары оқу орындары арасында қазір бәсеке өте мықты екенін білеміз, осындай жағдайда аса белсенді жұмыс істеп жатқан Хирургия ка­фе­драсының мамандарымен «Qa­zaq universiteti» газетінің тіл­шісі Алматы аймақтық көп­салалы клиникасына арнайы ба­рып, тілдесіп қайтқан еді. Бүгін сол әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

 

Бауыржан ӘДЖІБАЕВ, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз

– Біздің клиника негізінен Ал­маты облысының жұртшы­лы­ғына онкологиялық жәрдем беретін бірден-бір аурухана. Қазір онкологиялық кеселдің ушығып тұрған заманы. Сүт безі обыры бірінші орынға шық­ты. Науқастарға түрлі дең­гейдегі көмек көрсетіледі. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандарына ризамыз, бірлесіп жұмыс істеп жатқа­ны­мызға аса көп уақыт болмаса да, университетпен арада ты­ғыз байланыс орнаған. Мұнда білім алушылардың білім алуы­на, кәсіби білігін жетілдіруге то­лыққанды жағдай бар. Бо­ла­шақ дәрігерлердің білгір ма­ман болып қалыптасуына тіке­лей атсалысып жатқанымызды мақ­тан тұтамыз. Клиника ба­засында білім алушылармен бірге дәрігерлерге де тиімді түрлі жобалар бар. Шеберлік сыныптары, өзекті мәсе­ле­лерге арналған медициналық тал­қылаулар, конференциялар өткізіп тұрамыз. Студенттерді тәрбиелеу, кадр ретінде даяр­лау өте жауапты жұмыс. Сон­дықтан біз бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Бұйырса, болашақта талай жобаны іске асырамыз. Университет пен кли­никаның ортасында алтын көпір орнатып жүрген акушер-гинеколог, онколог, ауруха­на­ның білікті дәрігері Қарлығаш Тәжібаеваға ерекше ілти­па­тым­­ды білдіремін. Оның ты­ным­сыз жұмысына ризамыз.

 

 

Қарлығаш ТӘЖІБАЕВА, PhD, қауымдастырылған профессор, Хирургия кафедрасының меңгерушісі:

Білім беру жүйесі Еуропадан кем емес

– Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің сту­денттері, интерндері мен резидент-дәрігерлері Алматы аймақтық көпсалалы клини­ка­сының базасындағы Хирургия ка­федрасында білім алады. Мұн­да білім алушыларға жо­ғары санатты дәрігерлер сабақ береді. Мысалы, 2 профессор, 2 медицина ғылымының док­торы, 4 PhD дәрігер ре­зи­дент­тер мен интерндерді оқытып, клиникалық тәжірибеден өт­кізеді. Осындай білікті ма­ман­дардың машығын көріп үй­ре­ніп, тәжірибе жинақтаған білім алушылардан түбі жақсы дә­рігер шығатынына сенімдімін. Резиденттер мен интерндер за­манауи, жоғары меди­ци­на­лық технологияларды мең­гер­ген. Олар науқасты диагнос­ти­ка­лауға, емдеуге көмек береді. Сөйтіп, практикалық дағды­ла­рын жетілдіру мүмкіндігіне ие. Мәселен, біздің резидент­те­рі­міз гидроскопия аспабы ар­қы­лы жатырдың жағдайын көріп, бағалай алады. Егер қандай да бір дефекті, түйін, ісік пайда бол­са, соны анықтап, өздері ас­пап­пен алуға қауқарлы. Мұн­дай оталарды біздің ре­зи­денттеріміз толыққанды жасай алады. Ал ашып жасайтын ла­па­ротомиялық күрделі ота­лар­ға ассисент ретінде қатысып, үй­реніп жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, қазір медицинада технология жыл­дам қарқынмен дамуда. Да­мы­ған елдерде роботтың кө­ме­гі­мен оталар жасалып жатыр. Бұйыр­са, бізге робот енді ке­ле­ді, қазір студенттерге ро­бот­тың көмегіне қалай жүгіну керек, онымен қалай жұмыс істеуге машықтанған жөн, сол жағын виртуалды түрде үй­ретіп жатырмыз. Егер робот кел­ген жағдайда онымен жұ­мыс істеуге, ота жасауға біз дайынбыз. Мұндай дағдыға біз халықаралық гранттық жо­ба­лар­ды ұтып алу негізінде ма­шық­танудамыз. Оның үстіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушылар мен оқыту­шы­лар­дың халықаралық тағылым­да­мадан өтуіне үнемі қолдау жасайды. Мысалы, үш дәрігер біліктілікті арттыратын тегін грант ұтып алдық. Соның ар­қа­сында Данияда, Францияда тағылымдамадан өттік. Еу­ро­падан алған білімімізді қазір практикада қолданып жатыр­мыз. Бүгінгі таңда резидент-дә­рігерлер халықаралық тәжі­ри­бе алмасу бағдарламалары аясында Франция, Түркия, Оң­түс­тік Корея және Швей­ца­рия сияқ­ты елдерде клини­ка­лық тә­жірибеден өтіп, халық­ара­лық конференцияларға қа­­ты­сып жүр.

Біздің университетте оқу дең­гейі өте жоғары. Білім беру жүйесі еуропалық  деңгейден қа­лыспайды, теория мен прак­тика қатар жүреді. Бір сөзбен айт­қанда, пациентке бағыт­тал­­ған оқу жүйесі қолданыста. Бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және ден­саулық сақтау факуль­те­тінде бака­лав­риат, интер­на­ту­ра және рези­ден­тура деңгейін­де барлық мамандықтар бо­йын­ша сапалы білім беріліп, бәсекеге қабі­лет­ті маман даярланып жатқанын ай­қын дәлелдейді.

 

Бибол Орынбасар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің 6-курс интерні:

Білім мен тәжірибе – егіз

– Менің  Алматы аймақтық көп­салалы клиникасында тәжі­ри­беден өтіп жатқаныма төрт ай болды. Болашақ дәрігер ре­тінде тәжірибе арқылы дағ­ды­мызды жетілдірудеміз. Әрине, сабақты да естен шығар­май­мыз, ол тәжірибеміздің ма­ңыз­ды бөлігі. Мерзімі келгенде тест, емтихан тапсырамыз. Оқу мен тәжірибе қатар жүргенде болашақ маманның машығы молаяды. Клиникадағы кәсіби мамандармен бірге отаға кіріп, процеске қатысып жатырмын. Мұнда түрлі ота жасалады, әсіресе онкологиялық, уро­ло­гиялық және т.б. отаның ашық, жабық түрлері – бәрі жасалады. Ретіне қарай ассисент ретінде қатысамын. Сөйтіп, универ­си­тет­те алған білімімді тәжі­ри­беде шыңдап жатырмын.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ