Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің ашылғанына аса көп уақыт бола қоймаса да, факультет бүгінде заман талабына сай білімі мен білігі тең кәсіби маман-кадрларды даярлаудың тың үлгісін қалыптастырып, үлкен жетістіктерге жете бастады.
Медицина және денсаулық сақтау факультетінде білім берудің барлық деңгейін қоса алғанда, әлемнің 40-тан аса елінен 3000-нан астам студент білім алады. Бұл факультетте клиникалық симуляциялық орталық, клиникалық диагностикалық орталық, стоматологиялық орталық, химия-токсикология зертханасы, оқу дәрісханасы – барлық деңгейде білім алатын студенттер үшін маңызды оқу базасы. Осы игіліктің бәрі студенттерге қызмет етеді.
Ғылым, білім беру, медициналық практика мен инновацияның орталығы ретінде факультет танымал шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әлемнің әйгілі ғалымдары «визитинг-профессор» бағдарламасы бойынша келіп, білім алушыларға арнайы дәріс оқиды. Тәжірибе алмасады, бірлескен ғылыми жобаларды іске асырады. Факультеттің студенттері мен оқытушылары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтіп, кәсіби шеберлігін шыңдауда.
ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультеті осылайша еліміздегі кадр тапшылығын жоюға сүбелі үлес қосып отыр. Бұл факультеттің Хирургия кафедрасы соңғы жылдары «Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы» мемлекеттік кәсіпорнымен етене жұмыс істеп, тығыз байланыс орнатқан. Арадағы меморандум аясында Хирургия кафедрасы осы аурухана базасында орналасқанын айта кету орынды. Факультеттің студенттері, интерндері мен резидент-дәрігерлері қазір осы клиникада хирургиялық пәндер бойынша білім алады. Мұнда студенттерге сабақ өтуге, тәжірибе жинауға қолдан келгенше мүмкіндік жасалған. Сабақ өтетін арнайы бөлме берілген, дәріс оқитын конференц-зал да білім алушыларға қызмет етеді. Одан бөлек, практикалық сабақтар барысында резиденттер мен интерндер науқастарды емдеуге атсалысып, тіпті операцияларға ассистент ретінде қатысады. Ал білікті мамандар өздері де күрделі ота жасап, білім алушыларға кәсіби шеберлігін көрсетеді. Еліміздің жоғары оқу орындары арасында қазір бәсеке өте мықты екенін білеміз, осындай жағдайда аса белсенді жұмыс істеп жатқан Хирургия кафедрасының мамандарымен «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі Алматы аймақтық көпсалалы клиникасына арнайы барып, тілдесіп қайтқан еді. Бүгін сол әңгімені оқырман назарына ұсынамыз.

Бауыржан ӘДЖІБАЕВ, Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
Бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз

– Біздің клиника негізінен Алматы облысының жұртшылығына онкологиялық жәрдем беретін бірден-бір аурухана. Қазір онкологиялық кеселдің ушығып тұрған заманы. Сүт безі обыры бірінші орынға шықты. Науқастарға түрлі деңгейдегі көмек көрсетіледі. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мамандарына ризамыз, бірлесіп жұмыс істеп жатқанымызға аса көп уақыт болмаса да, университетпен арада тығыз байланыс орнаған. Мұнда білім алушылардың білім алуына, кәсіби білігін жетілдіруге толыққанды жағдай бар. Болашақ дәрігерлердің білгір маман болып қалыптасуына тікелей атсалысып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Клиника базасында білім алушылармен бірге дәрігерлерге де тиімді түрлі жобалар бар. Шеберлік сыныптары, өзекті мәселелерге арналған медициналық талқылаулар, конференциялар өткізіп тұрамыз. Студенттерді тәрбиелеу, кадр ретінде даярлау өте жауапты жұмыс. Сондықтан біз бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Бұйырса, болашақта талай жобаны іске асырамыз. Университет пен клиниканың ортасында алтын көпір орнатып жүрген акушер-гинеколог, онколог, аурухананың білікті дәрігері Қарлығаш Тәжібаеваға ерекше ілтипатымды білдіремін. Оның тынымсыз жұмысына ризамыз.
Қарлығаш ТӘЖІБАЕВА, PhD, қауымдастырылған профессор, Хирургия кафедрасының меңгерушісі:
Білім беру жүйесі Еуропадан кем емес

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері, интерндері мен резидент-дәрігерлері Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының базасындағы Хирургия кафедрасында білім алады. Мұнда білім алушыларға жоғары санатты дәрігерлер сабақ береді. Мысалы, 2 профессор, 2 медицина ғылымының докторы, 4 PhD дәрігер резиденттер мен интерндерді оқытып, клиникалық тәжірибеден өткізеді. Осындай білікті мамандардың машығын көріп үйреніп, тәжірибе жинақтаған білім алушылардан түбі жақсы дәрігер шығатынына сенімдімін. Резиденттер мен интерндер заманауи, жоғары медициналық технологияларды меңгерген. Олар науқасты диагностикалауға, емдеуге көмек береді. Сөйтіп, практикалық дағдыларын жетілдіру мүмкіндігіне ие. Мәселен, біздің резиденттеріміз гидроскопия аспабы арқылы жатырдың жағдайын көріп, бағалай алады. Егер қандай да бір дефекті, түйін, ісік пайда болса, соны анықтап, өздері аспаппен алуға қауқарлы. Мұндай оталарды біздің резиденттеріміз толыққанды жасай алады. Ал ашып жасайтын лапаротомиялық күрделі оталарға ассисент ретінде қатысып, үйреніп жатыр.
Өздеріңіз білесіздер, қазір медицинада технология жылдам қарқынмен дамуда. Дамыған елдерде роботтың көмегімен оталар жасалып жатыр. Бұйырса, бізге робот енді келеді, қазір студенттерге роботтың көмегіне қалай жүгіну керек, онымен қалай жұмыс істеуге машықтанған жөн, сол жағын виртуалды түрде үйретіп жатырмыз. Егер робот келген жағдайда онымен жұмыс істеуге, ота жасауға біз дайынбыз. Мұндай дағдыға біз халықаралық гранттық жобаларды ұтып алу негізінде машықтанудамыз. Оның үстіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушылар мен оқытушылардың халықаралық тағылымдамадан өтуіне үнемі қолдау жасайды. Мысалы, үш дәрігер біліктілікті арттыратын тегін грант ұтып алдық. Соның арқасында Данияда, Францияда тағылымдамадан өттік. Еуропадан алған білімімізді қазір практикада қолданып жатырмыз. Бүгінгі таңда резидент-дәрігерлер халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары аясында Франция, Түркия, Оңтүстік Корея және Швейцария сияқты елдерде клиникалық тәжірибеден өтіп, халықаралық конференцияларға қатысып жүр.
Біздің университетте оқу деңгейі өте жоғары. Білім беру жүйесі еуропалық деңгейден қалыспайды, теория мен практика қатар жүреді. Бір сөзбен айтқанда, пациентке бағытталған оқу жүйесі қолданыста. Бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінде бакалавриат, интернатура және резидентура деңгейінде барлық мамандықтар бойынша сапалы білім беріліп, бәсекеге қабілетті маман даярланып жатқанын айқын дәлелдейді.
Бибол Орынбасар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің 6-курс интерні:
Білім мен тәжірибе – егіз

– Менің Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында тәжірибеден өтіп жатқаныма төрт ай болды. Болашақ дәрігер ретінде тәжірибе арқылы дағдымызды жетілдірудеміз. Әрине, сабақты да естен шығармаймыз, ол тәжірибеміздің маңызды бөлігі. Мерзімі келгенде тест, емтихан тапсырамыз. Оқу мен тәжірибе қатар жүргенде болашақ маманның машығы молаяды. Клиникадағы кәсіби мамандармен бірге отаға кіріп, процеске қатысып жатырмын. Мұнда түрлі ота жасалады, әсіресе онкологиялық, урологиялық және т.б. отаның ашық, жабық түрлері – бәрі жасалады. Ретіне қарай ассисент ретінде қатысамын. Сөйтіп, университетте алған білімімді тәжірибеде шыңдап жатырмын.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ