Еліміздің химия ғылымында өз қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, білікті ұстаз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бейқұт Балғышева мерейлі 65 жасқа толып отыр. Оның ғылыми-педагогикалық жолы отандық фосфаттар химиясы мен төмен сортты шикізаттарды кешенді өңдеу технологиясының даму тарихымен тығыз байланысты.
Бейқұт Дәуітбекқызының ғылымдағы алғашқы қадамдары академик А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында, белгілі ғалым, х.ғ.д. А.Ильясованың жетекшілігімен басталды. Кейіннен бұл ізденістер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы х.ғ.д., профессор Г.Қуанышеваның ғылыми мектебінде жалғасын тауып, жас зерттеушінің іргелі ғалым ретінде қалыптасуына негіз болды.
Ғалымның негізгі ғылыми қызығушылығы – құрамында магний мен алюминий силикаттары бар төмен сортты фосфориттерді тиімді пайдалану. Ол елімізде алғашқылардың бірі болып фосфориттерді механохимиялық өңдеу арқылы жаңа буын тыңайтқыштарын алудың ғылыми негізін қалады. Қаратау, Шилісай және Жетіқара кен орындарының шикізаты негізінде алынған өнімдерді өндірістік сынақтардан сәтті өткізіп, олардың жоғары тиімділігін дәлелдеді. Бұл зерттеулер отандық ресурстарды үнемдеу және импортқа тәуелділікті азайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болды.
Осы ғылыми зерттеулердің нәтижесінде Б.Балғышева 1993 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 2010 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2012 жылы оған химия ғылымының докторы ғылыми дәрежесі беріліп, сол жылы профессор қызметіне тағайындалды. 1994 жылдан бастап Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, ал 1998 жылы доцент ғылыми атағына ие болды.
Бейқұт Балғышеваның еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 1994 жылдан бастап Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, 1999 жылы Үндістанның Мадрас қаласында экологиялық таза технологиялар бойынша жобасын қорғап, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады. Оның жетекшілігімен бір кандидаттық диссертация қорғалды, көптеген магистранттар мен жас зерттеушілер тәрбиеленді. Ғалым қаламынан 200-ге жуық ғылыми еңбек, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларындағы мақалалар, монографиялар мен 28 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. Бір патент, сегіз ҚР авторлық куәлігі бар. Профессор әзірлеген «Фосфаттардың химиясы мен технологиясы» және Ресей ғылым академиясының ғалымдарымен бірлесіп шығарған «Бейорганикалық материалдардың механохимиясы» атты курстары бүгінде магистранттар мен PhD докторанттар үшін таптырмас білім көзіне айналды.
1987 жылдан бері қара шаңырақ ҚазҰУ-да инженерден профессорға дейінгі еңбек жолынан өткен Бейқұт Дәуітбекқызы бүгінде нағыз ұстаз-ғалымның үлгісі. Б.Балғышева университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, білім сапасын арттыру, түлектермен байланыс орнату және жас мамандарды қолдау бағыттарында маңызды жұмыстар атқаруда. Оның еңбегі 2026 жылы мемлекеттік деңгейде бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Б.Балғышеваның ғылымдағы сара жолы мен шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі келер ұрпаққа өнеге. Көрнекті ғалымға мықты денсаулық, отбасына береке, шығармашылық шабыт тілейміз. Еңбегіңіздің жемісін көріп, шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіз!
Назгүл ДАЛАБАЕВА,
химия ғылымының кандидаты
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасы
Другие новости