Қазіргі жаһандану заманында ұлттық мәдениет, шежіре-тарих тамырына үңілу кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ұлттың тағдыры тілге байланған болса, ұлттық болмыс пен таным-түсінік сол ұлт өкілдерінің рухани әрі материалдық өркендеу өресіне сай өсіп-өрбитіні, жетіліп кең етек жаятынын тарих көрсетіп келеді. Ұлттың жан-дүниесі төл тілі арқылы өлең боп өріліп, мәдениет болып танылады емес пе?! Жер бетінде қанша ұлт, қанша мәдениет болса, бәрі бірдей тең, тамыры терең деген ұстанымда екенімді жасырмаймын. Ұлт мәдениетінің сыртқы сипатының бірі – оның тұрмыс-тіршілігіне сай икемделген киімінде.
Менің профессор Александра Цавдаримен таныстығым осыдан төрт жыл бұрын ол кісінің ҚазҰУ-ға кезекті сапары кезінде басталған еді. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, әңгіме өрбіте келе, ол кісінің ғылыми қырынан бөлек, мәдениетке ерекше құштар екенін аңғардым. Көрген-білгенін қойын дәптеріне түртіп алмаса да, көкірек жадына түйе жүретінін аңғарып, ерекше тәнті болдым. Ғылыми ынтымақтастықтың мәдени жалғастыққа бастау бола алатын күш екеніне анық көзім жетті. Айтпағым, Клуж-Напокадағы Бабеш-Боляй университетінің профессоры Александра Цавдари өз елінде қазақ мәдениетін дәріптеп, ірі жиындарда, тіпті телеарнаға сұхбат бергенде де қазақтың камзолын киіп, әшекей-бұйымдарын таға жүреді.
Көңілге көктем орнатып, жанға жылу сыйлайтын мұндай құбылысты неге жазбасқа, неге көпшілікке танытпасқа?! Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасында ҚазҰУ студенттері мен магистранттарына дәріс оқып, қазақ мәдениетіне құрмет көрсете білген ерекше жан әрқашан қуаныш пен ізгілікке бөлене берсін дегім келеді.
Қайса ӘБШҮКІР,
ҚазҰУ доценті