- Басты бет
- 91ý NEWS LETTERS
- Қазақстан жастарының халықаралық білім беру көші-қоны: ғалымдар тәуекелдерді зерттеп, шешу жолдарын іздейді
Қазақстан жастарының халықаралық білім беру көші-қоны: ғалымдар тәуекелдерді зерттеп, шешу жолдарын іздейді
Қазақстандық жастардың шетелде білім алып, елге оралмау мәселесі бүгінгі күні ел дамуының маңызды стратегиялық мәселесіне айналып отыр. Осы өзекті мәселені ғылыми тұрғыда зерделеу мақсатында отандық зерттеу тобы «Қазақстан жастарының халықаралық білім беру көші-қоны: тәуекелдер мен шешу жолдары» атты ірі ғылыми жобаны іске асыруда. Жоба «Жас ғалым» бағдарламасы аясында грант қолдауымен қаржыландырылады. Жобаны іске асыру мерзімі — 2025–2027 жылдар, жалпы қаржыландыру сомасы 29 867 973 мың теңгені құрайды.
Жоба «Елдің зияткерлік әлеуеті» басымдық бағытына сәйкес мемлекеттің кадрлық әлеуетін дамыту мәселесі аясында орындалады. Бұл іргелі әлеуметтанулық зерттеу Қазақстаннан шетелге оқуға кеткен жастардың санаты мен миграциялық мотивтерін жан-жақты талдауды мақсат етеді.
Жаһандану жағдайында білім беру көші-қоны кеңінен таралған құбылысқа айналды. Грант бағдарламаларының санының артуы мен шетелдік жоғары оқу орындарына қол жетімділіктің жеңілдеуі қазақстандық жастарға мол мүмкіндіктер ашты. Алайда мұның сыртқы жағымды қырымен бірге елеулі тәуекелдер де бар: шетелде білім алған жастардың елге оралмауы «ақыл көші» деп аталатын адами капиталдың сыртқа ағылу мәселесін туындатады. Бұл — тек статистикалық факт емес, елдің стратегиялық болашағын тікелей қозғайтын әлеуметтік-экономикалық мәселе.
Зерттеушілердің алдында тұрған сұрақ: неліктен жастар елге оралмайды, және осы үрдісті реттеуге болама? Жобаның басты мақсаты осы сұрақтарға ғылыми негізделген жауап іздеу болып табылады.
Бұрын жүргізілген зерттеулердің басым бөлігі жастардың көші-қон шешімдерін тек макроэкономикалық факторлар, яғни елдер арасындағы табыс деңгейінің айырмашылығы, жұмысбастылық мүмкіндіктері тұрғысынан ғана талдап келді. Ұсынылып отырған зерттеу мұндай тәсілдің шектеулігін мойындай отырып, жастардың миграциялық шешімдерін макро-, мезо- және микродеңгейлердегі факторлардың өзара ықпалы арқылы кешенді зерделейді.
Зерттеу жастарды сыртқы жағдайлардың ықпалына пассивті түрде бейімделетін тұлға ретінде емес, өз мүмкіндіктері мен шектеулерін саналы түрде ескере отырып белсенді шешім қабылдаушы субъект ретінде қарастырады. Бұл тәсіл жастардың агенттігін — яғни өз өміріне деген белсенді билік ету қабілетін — ғылыми талдаудың орталығына орналастырады.
Сонымен қатар, жоба бір мезгілде білім беру көші-қонының барлық кезеңдерін — шетелге оқуға бару жоспарын қалыптастырудан бастап оқуды аяқтағаннан кейінгі нақты шешімге дейін — зерттейтін алғашқы кешенді қазақстандық зерттеулердің бірі болып табылады.
Жоба аясында үш кезеңде кешенді әлеуметтанулық зерттеу жүргізіледі. Бірінші кезеңде шетелде оқуды жоспарлап отырған жоғары сынып оқушылары арасында жаппай сауалнама өткізіледі. Іріктемеге кемінде 500 респондент кіреді. Іріктеу жиынтығын қалыптастыруда жыныс, тұрғылықты жер, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы және мектеп типі сияқты критерийлер ескеріледі.
Екінші кезеңде шетелдің түрлі оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен тереңдетілген сұхбат жүргізіледі. Іріктеуде оқуды қаржыландыру көзі ерекше назарда болады: мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары, шетелдік грант иегерлері және өз-өздерін қаржыландыратын студенттер зерттеуге тең мөлшерде кіреді.
Үшінші кезеңде шетелдік жоғары оқу орындарының түлектерімен — елге оралғандармен де, шетелде немесе үшінші елде қалғандармен де — тереңдетілген сұхбат өткізіледі. Бұл кезең жастардың нақты миграциялық шешімдерінің себептерін ең толық деңгейде ашуға мүмкіндік береді.
Зерттеуде сандық және сапалық әдістердің үйлесімі қолданылады. Сандық деректер SPSS бағдарламасы арқылы талданып, корреляциялық және себеп-салдарлық байланыстар анықталады. Сапалық деректер тереңдетілген сұхбаттарды талдау негізінде жастардың миграциялық мотивтерінің мазмұндық ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның нәтижесінде бірнеше маңызды ғылыми және практикалық өнім алынады. Ең алдымен, қазақстандық жастардың халықаралық білім беру көші-қон мотивтерін өлшеудің авторлық шкаласы жасалады. Бұл шкала болашақта жастардың миграциялық бағыт-бағдарларына мониторинг жүргізуде пайдаланылуы мүмкін.
Одан басқа, қайтарымсыз көші-қон тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған ынталандыру стратегиясы жобаланады. Стратегия дүние жүзіндегі озық тәжірибені талдау негізінде қазақстандық ерекшелікке бейімделіп әзірленеді. Зерттеу нәтижелері жастардың халықаралық білім беру көші-қонын бақылау мен реттеу бойынша нұсқаулық түрінде ресімделеді.
Барлық нәтижелер Scopus және Web of Science базаларына кіретін халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланады. Жоба аясында ғылыми монография дайындалуы жоспарланады.
Бұл зерттеудің маңыздылығы тек ғылыми саламен шектелмейді. Ол Қазақстанның адами капиталын дамыту стратегиясымен тікелей байланысты. Шетелдік жоғары оқу орындарында дайындалған жас мамандардың елге оралуы еліміздің инновациялық және экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды шарты болып табылады.
Зерттеу нәтижелері мемлекеттік органдарға, жоғары оқу орындарына, жастар саясатын жасаушыларға практикалық ұсыныстар ретінде беріледі. Жастардың елге оралуын қамтамасыз ететін тиімді механизмдерді анықтау — бұл зерттеудің қоғамға берері мол болатын ең басты үлесі.
Басқа жаңалықтар