Жидек дақылдарының жасырын жауы: ғалымдар Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы нематодтарды зерттейдіFarabi University

91ý

Жидек дақылдарының жасырын жауы: ғалымдар Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы нематодтарды зерттейді

29 мамыр 2026
Жидек дақылдарының жасырын жауы: ғалымдар Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы нематодтарды зерттейді

Қазақстанның бақшашылық саласы күрделі де аз зерттелген қауіппен бетпе-бет тұр. Топырақта тіршілік ететін микроскопиялық паразиттер — фитопаразиттік нематодтар — жидек дақылдарына орасан зиян келтіреді, алайда олардың елімізде таралу аймағы мен түрлік құрамы бүгінге дейін зерттелмеген. Осы олқылықты жою мақсатында отандық зерттеуші «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайында жидек дақылдарына паразиттік нематодтарды бөліп алу және идентификациялау» атты ғылыми жобаны іске асыруда. Жоба «Жас ғалым» бағдарламасы аясында грант қолдауымен қаржыландырылады. Жобаны іске асыру мерзімі — 2025–2027 жылдар, жалпы қаржыландыру сомасы 29 997 540 мың теңгені құрайды.

Жоба «Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту» басымдық бағыты бойынша фитосанитария саласындағы іргелі зерттеу ретінде орындалады. ылыми консультант — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері, PhD Әбдукерім Рауза Жүсіпқызы. Шетелдік ғылыми консультант — Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінің профессоры, PhD Халил Токтай.

Нематодтар — жер шарындағы жануарлар дүниесі санының бестен төртін құрайтын ең кең таралған организмдер тобы. Сипатталған 20 мың нематода түрінің шамамен 20%-ы, яғни төрт мыңдай түрі, өсімдіктермен байланысты. Жидек дақылдарына Aphelenchida, Dorylaimida және Tylenchida отрядтарына жататын нематодтардың көптеген өкілдері зиян келтіреді.

Паразиттік нематодтардың қауіптілігі тікелей зиянмен ғана шектелмейді. Олардың көпшілігі вирустық, бактериялық және саңырауқұлақтық инфекциялардың тасымалдаушысы болып табылады. Мәселен, Longidoridae тұқымдасына жататын тамыр нематодтары непо-вирустарды тасымалдайды және жидек дақылдарының басым бөлігіне қауіп төндіреді. Малинаның сақиналы дақтық вирусы мен құлпынайдың жасырын сақиналы дақтық вирусы жекелеген жылдарда жидек дақылдарының өнімін 90%-ға дейін азайтуы мүмкін.

Галл нематодтары өсімдік тамырларын зақымдап, галл түзейді. Зақымдалған өсімдіктер өсуден қалып, кейін сарғайып кеуіп қалады. Бүкіл дүние жүзінде бұл нематодтар жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің шамамен 5%-ын жойып жібереді. Жидек дақылдарына жалпы алғанда зиянды нематодтардан болатын жылдық шығын 6–10%-ды құрайды.

Нематодтармен күресу басқа зиянкестерге қарағанда әлдеқайда күрделі, себебі олар топырақта эктопаразит және эндопаразит ретінде тіршілік етеді не болмаса өсімдіктің жапырақтары мен сабақтарының ішкі тіндерінде мекендейді. Осы себепті оларды дұрыс және уақтылы анықтау қорғаныс шараларын ұйымдастырудың ең маңызды алғышарты болып табылады.

Жидек дақылдарындағы нематодтарды зерттеу дүние жүзінде кеңінен жүргізілетін практика. Алайда Қазақстанда мұндай зерттеулер бұрын-соңды жүргізілмеген. Бұл елеулі олқылық, себебі тек белгілі аймақта таралған нематода түрлерін анықтау ғана тиімді қорғаныс шараларын ұсынуға мүмкіндік береді.

Мәселе ерекше өткір сипат алуда, өйткені қазіргі отандық бақшашылықтың басты проблемаларының бірі — шетелдік өндірушілердің посадкалық материалдарының бақылаусыз әкелінуі. Мұндай материалдардың зиянкестер мен аурулармен жиі залалданатыны белгілі. Нематодтар осы тұрғыда ерекше қауіп төндіреді: олар өсімдіктің физиологиялық процестерін бұзады, дамуды тежейді, өсуді бәсеңдетеді және жидектің сапасын төмендетеді. Зақымдалған өсімдіктердің белгілері бактериялық, саңырауқұлақтық, вирустық зақымданумен немесе қоректік заттардың жетіспеушілігімен шатастырылуы мүмкін, бұл дұрыс диагностиканы одан да маңызды етеді.

Ұсынылып отырған жоба — Қазақстан аумағында жидек дақылдарының нематодтарын жүйелі түрде зерттеуге бағытталған алғашқы кешенді ғылыми жұмыс. Зерттеу нәтижелері отандық бақшашылықты қорғаудың ғылыми негізделген жүйесін қалыптастырудың іргетасы болмақ.

Жобаның басты мақсаты — Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайында жидек дақылдарына паразиттік нематодтарды бөліп алу және идентификациялау, сондай-ақ олармен күресудің тиімді әдістерін анықтау.

Осы мақсатқа жету үшін төрт негізгі міндет белгіленген. Бірінші міндет — топырақ пен өсімдік үлгілерін жинап, нематодтарды бөліп алу. Екінші міндет — микроскопиялық, молекулалық және биоиндикаторлық әдістерді қолдана отырып нематодтарды идентификациялау. Үшінші міндет — Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайында нематодтардың таралу және зияндылық картасын жасау. Төртінші міндет — нематодтармен күресудің тиімді әдісін іздеу және жидек дақылдарын нематодтардан қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Жоба аясында нематодтарды анықтаудың үш негізгі әдісі қолданылады.

Бірінші — классикалық морфологиялық әдіс. Бұл әдіс нематодтардың сыртқы бітімі мен морфометриялық көрсеткіштерін зерттеуге негізделген. Денесінің ұзындығы мен ені, стилет пен өңештің ұзындығы, жыныс жүйесінің өлшемдері сияқты сандық белгілер нематодтарды түр деңгейінде анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеудің негізгі құралдары — микроскоптар және арнайы анықтаушы кілттер.

Екінші — молекулалық идентификация әдісі. Бұл қазіргі заманғы ең танымал әдіс болып табылады және нематодтар геномының жекелеген учаскелерінің құрылымын зерттеуге негізделген. ДНҚ-ны бөліп алып, агарозды гельде нәтижені визуализациялай отырып ПТР жүргізгеннен кейін зерттеліп жатқан объектінің түрін дәл анықтауға болады.

Үшінші — биоиндикаторлық әдіс. Бұл әдіс паразиттік нематодтардың бір түрін патотиптерге, яғни әртүрлі өсімдік түрлері мен сорттарына қатысты патогенділігі бойынша ерекшеленетін түрішілік топтарға бөлу үшін қолданылады. Нематодтың патотипін анықтау — нематодтарға төзімді өсімдіктер сорттарын шығару жұмысының аса маңызды кезеңі.

Сабақ нематодтарын анықтау үшін Берман әдісінің жеңілдетілген нұсқасы қолданылады: зақымдалған өсімдік бөліктері Петри табақшасына орналастырылып, дистильденген сумен құйылады. Нематодтар сынақ ортасынан белсенді шыға бастайды, содан кейін оларды бинокулярмен қарайды. Галл нематодтарын анықтау үшін өсімдіктер қазылып алынып, зертханаға жеткізіледі, топырақтан жуылып, бинокулярмен қаралады.

Бірінші жылы, 2025 жылы, Алматы облысының жидек дақылдарын өсіретін шаруашылықтарынан топырақ пен өсімдік үлгілері жиналады. Зертханалық жағдайда нематодтар бөліп алынады. Бір мезгілде жоба тақырыбы бойынша ғылыми әдебиеттерге шолу жасалып, деректер жиналады.

Екінші жылы, 2026 жылы, бөлінген нематодтар микроскопиялық, молекулалық және биоиндикаторлық әдістерді қолдана отырып идентификацияланады. Нематодтардың Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы таралу және зияндылық картасы жасалады. Нематодтармен күресудің тиімді әдісін анықтауға бағытталған тәжірибелер қойылады.

Үшінші жылы, 2027 жылы, зерттеулер жалғасады, таралу картасы толықтырылады. Жидек дақылдарын нематодтардан қорғау бойынша ұсыныстар жасалады. Жоба нәтижелері халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланады.

Зерттеу тобының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығы жобаның сапасын айтарлықтай арттырады. Шетелдік ғылыми консультант Халил Токтай Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетіндегі нематология зертханасын басқарады. Ол 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы және Хирш индексі 13-ке тең беделді ғалым.

Жоба орындаушысының Түркияға ғылыми тағылымдама сапарлары жоспарланған. Бұл сапарлар молекулалық идентификация саласындағы озық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.

Зерттеулер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зертханаларында жүргізіледі. Университетте фитосанитарлық және микробиологиялық талдаулар жүргізуге қажетті барлық негізгі жабдықтар бар: зертханалық кептіру шкафтары, термостаттар, центрифугалар, ламинарлы боксалар, просвечивающий және стереоскопиялық микроскоптар, ПТР боксалар, амплификаторлар, электрофорез жүргізуге арналған жабдықтар және басқалары.

Жоба аясында бірнеше маңызды нәтиже алынады. Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайында жидек дақылдарына паразиттік нематодтар алғаш рет жүйелі түрде бөліп алынады. Анықталған нематода түрлері идентификацияланады. Нематодтардың аймақтағы таралу және зияндылық картасы жасалады. Жидек дақылдарын нематодтардан қорғаудың ғылыми негізделген ұсыныстары әзірленеді.

Зерттеу нәтижелері ең алдымен Алматы облысының жидек дақылдарын өсіретін фермерлеріне тікелей пайда береді. ылыми негізделген қорғаныс жүйесін ұйымдастыру жоғары сапалы мол өнім алуға ықпалдасады. Одан басқа, зерттеу нәтижелері биологиялық және ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарына да пайдалы болмақ.

Жоба нәтижелері Web of Science немесе Scopus базаларына кіретін журналдарда кемінде екі ғылыми мақала ретінде жарияланады. Зерттеу барысы мен нәтижелері университеттің ресми сайтында жарияланып отырады.

Бұл жоба — Қазақстанның ауыл шаруашылығын заманауи ғылыми білімге негіздеу бағытындағы маңызды қадам. Нематодтарды дер кезінде анықтау мен тиімді күрес шараларын жүргізу — жидек дақылдарының болашақ өнімін сақтаудың кепілі.