ҚазҰУ студенттері AI-Sana бағдарламасында ЖИ дағдыларын меңгеруде
Елімізде жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған AI-Sana мемлекеттік бағдарламасының II кезеңі қорытындылануға жақын. Бағдарлама аясындағы оқу процесінің аяқталуына бір ай уақыт қалды.
2026 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2169 студенті бағдарламаны сәтті аяқтады. Қазіргі таңда 3100-ден астам білім алушы оқуын жалғастырып, бағдарламаның соңғы кезеңдерін меңгеруде.
AI-Sana бағдарламасына ҚазҰУ-дың барлық факультеттерінің студенттері белсенді қатысып келеді. Бұл университет жастарының жасанды интеллект технологияларын игеруге, цифрлық құзыреттерін дамытуға және болашақтың сұранысына сай маман ретінде қалыптасуға деген жоғары қызығушылығының айқын көрінісі.
Бағдарламаға қатысу көрсеткіштері бойынша физика-техникалық факультеті, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті мен механика-математика факультеті көш бастап тұр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллект құралдарын қолдану, деректерді талдау, цифрлық шешімдер әзірлеу және заманауи технологияларды тиімді пайдалану бағытында білімдерін жетілдіруде. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің инновациялық дамуына үлес қосатын білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар