ҚазҰУ ғалымдары Алматы қаласындағы биогенді және техногенді ластаушыларды анықтаудың жаңа әдістерін әзірлеуде — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ ғалымдары Алматы қаласындағы биогенді және техногенді ластаушыларды анықтаудың жаңа әдістерін әзірлеуде

16 шілде 2026
ҚазҰУ ғалымдары Алматы қаласындағы биогенді және техногенді ластаушыларды анықтаудың жаңа әдістерін әзірлеуде

Алматы қаласы — Іле Алатауының етегінде орналасуына байланысты ауа ластануы жоғары аймақтардың бірі. Қала тұрғындарының саны 2,2 миллионнан асады, ал урбанизация қарқыны артқан сайын атмосфераға түсетін антропогенді және биогенді қосылыстардың мөлшері де өсуде. Дегенмен, осы саладағы зерттеулер әлі де жеткіліксіз.

Биогенді ұшпа органикалық қосылыстар (БҰОҚ) жаһандық ЛОҚ шығарындыларының 75-90%-ын құрайды және атмосфералық озон мен екіншілік органикалық аэрозольдердің (ЕОА) түзілуіне тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар ауыр металдар қоршаған ортаға және адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Осы екі топтағы ластаушыларды бір жүйеде зерттеу Қазақстанда бұрын-соңды жүргізілмеген.

Қоршаған орта үлгілеріндегі БҰОҚ мен бейорганикалық элементтерді газ фазасынан динамикалық сынама алу (DHS), газды хроматография-масс-спектрометрия (GC-MS) және индуктивті-байланысқан плазмалы оптикалық-эмиссиялық спектрометрия (ICP-OES) негізінде анықтау әдістемелерін әзірлеу.

Жоба Қазақстанда БҰОҚ-ты табиғи су қоймаларынан (Үлкен Алматы көлі, Есентай өзені, Сайран көлі) және топырақтан анықтаудың алғашқы талпыныстарының бірі болмақ. DHS және ICP-OES әдістерінің тіркесімі органикалық және бейорганикалық ластаушыларды бір уақытта кешенді бағалауға мүмкіндік береді.

  • БҰОҚ-ты DHS-GC/MS әдісімен анықтау әдістемесін әзірлеу (2-пентанон, дибромметан, α-пинен, Δ3-карен, нонанал);
  • Ауыр металдарды ICP-OES әдісімен анықтау әдістемесін жасау;
  • Әзірленген әдістерді нақты су және топырақ үлгілерінде апробациялау;
  • Матрицалық әсерлердің DHS әдісінің дәлдігіне ықпалын бағалау.

Зерттеу барысында DHS сорбциялық түтікшелерге сынама алу, GC-MS арқылы десорбция мен детекциялау, сондай-ақ ICP-OES арқылы элементтік талдау қолданылады. Деректер Agilent компаниясының ChemStation, MassHunter және ICP Expert бағдарламалық жасақтамалары арқылы өңделеді.

Жоба Дания, Орхус университетінің Химия департаментімен серіктестікте жүзеге асырылады. Нәтижелер ExTech2025 (Мюльхайм, Германия) және European Sample Preparation Conference (Барселона, Испания) халықаралық конференцияларында таныстырылады.

Әзірленген әдістемелер мемлекеттік және жеке мекемелерге ластану мониторингіне жұмсалатын шығындарды азайтуға, өндірістік процестердің экологиялық тиімділігін арттыруға көмектеседі. Нәтижелер Қазақстанның Париж келісімі аясындағы халықаралық климаттық бастамаларға қосқан үлесін нығайтады.

Жоба аясында Web of Science (Q1-Q3) немесе Scopus (CiteScore процентилі 50-ден кем емес) базасына кіретін журналдарда («Microchemical Journal», «Analytica Chimica Acta» және т.б.) екі мақала жарияланады.

36 айға (2025-2027 жж.) жоспарланған жоба Алматы аймағындағы экологиялық мониторингтің сапасын арттырып, БҰОҚ пен ауыр металдар туралы жаңа ғылыми деректер береді.