Халықаралық ғылыми-практикалық конференция
2026 жылғы 13 наурызда Дене шынықтыру және спорт кафедрасы Салауатты өмір салты орталығымен бірлесіп «Дене шынықтыру, спорт және денсаулық: ғылыми зерттеулер және білім беру тәжірибелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция жоғары білім беру жүйесінде дене шынықтыру, спорт және денсаулық мәдениетін қалыптастыру саласындағы ғылыми және педагогикалық тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Конференция жұмысына Литва, Жапония, Қытай, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар, магистранттар мен докторанттар қатысты. Қатысушылардың кең географиясы қарастырылған мәселелердің өзектілігін және халықаралық ғылыми қауымдастықтың дене шынықтыру және спорттық білім беруді дамытуға деген қызығушылығын көрсетті.
Пленарлық және секциялық отырыстар барысында дене шынықтыру және спорт мамандарын даярлаудың заманауи үрдістері, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, оқу процесін цифрландыру, жастардың денсаулығы мен дене белсенділігі саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар студенттердің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық және студенттік спортты дамыту, ғылыми зерттеулер нәтижелерін білім беру тәжірибесіне енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту қажеттігін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар қабылданды.
Спорт клубы, СӨС орталығы
Басқа жаңалықтар