Қытай филологиясының жаңа үрдістері халықаралық конференцияда талқыланды
2026 жылғы 18 сәуір күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық ғылыми ортадағы қытай филологиясын зерттеудің жаңа трендтері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған конференция қазіргі қытай филологиясының өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ғылыми қауымдастық арасындағы тәжірибе алмасуға және жаңа зерттеу бағыттарын айқындауға арналды. Іс-шараға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен жас зерттеушілер қатысып, қытай тіл білімі, әдебиеттану, аударматану және мәдениетаралық коммуникация салаларындағы заманауи үрдістерді жан-жақты қарастырды.
Конференция жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Баяндамаларда қытай филологиясының қазіргі даму бағыттары, тілдік және мәдени зерттеулердің өзекті мәселелері, сондай-ақ халықаралық ғылыми кеңістіктегі интеграциялық үдерістер кеңінен қамтылды. Кафедра оқытушыларының баяндамалары қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, мазмұнды пікірталастарға ұласты.
Аталған ғылыми іс-шара қытайтану саласындағы зерттеулерді дамытуға, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді. Сонымен қатар, конференция нәтижелері отандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке ықпалдасуына және қытай филологиясы бағытындағы ғылыми ізденістердің сапасын арттыруға оң ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қытайтану кафедрасы алдағы уақытта да халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, ғылым мен білімнің дамуына үлес қоса бермек.
Басқа жаңалықтар