Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимовтың «ҚМГ Инжиниринг» компаниясы өкілдерімен кездесуі өтті. Делегацияны мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Эль-Саид Хамидұлы Ходжаназаров бастап келді.

Кездесуде механика-математика факультетінің, химия және химиялық технология факультетінің, сондай-ақ Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің ғылыми-инновациялық жобалары таныстырылды. Эль-Саид Хамидұлы Ходжаназаров мұнай-газ саласының өзекті мәселелерін шешуде ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жаңа технологияларды енгізуге және университетпен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға мүдделілік танытты.

Келіссөз барысында ғылыми-технологиялық консорциум құру, бірлескен зертханалар ашу және заманауи зерттеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері қарастырылды. Нәтижесінде тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, зертханалар ашу және саланың стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған консорциумдық жобаларға қатысу тетіктерін пысықтауға келісті.

Сондай-ақ қонақтар кампус-тур аясында Суперкомпьютер кешені, Huibo Robotics және KUKA Robotics робототехника зертханалары, Farabi Hub инновациялық орталығы, сондай-ақ химия және химиялық технология факультетінің жұмысымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар