Студенттік «Біз» театры Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналады — ҚазҰУ

91ý

Студенттік «Біз» театры Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналады

20 сәуір 2026
Студенттік «Біз» театры Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған мәдени шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Осы ретте университеттің студенттік «Біз» театры көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Әпке» атты драмалық туындысын көпшілік назарына ұсынды. Аталған қойылым университеттің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде ерекше ықыласпен қабылданды.

Әпке қойылымы арқылы отбасы құндылығы, бауырмалдық, жауапкершілік және адамгершілік сынды мәңгілік тақырыптар терең әрі әсерлі түрде көрініс тапты. Шығарманың негізгі желісі басты кейіпкер – әпке бейнесі төңірегінде өрбиді. Автор бұл образ арқылы өз өмірін бауырларына арнаған жанның ішкі әлемін, сабырлылығы мен үнсіз құрбандығын шебер бейнелейді. Қойылым барысында көрермендер кейіпкерлердің жан дүниесіне үңіліп, олардың тағдыры арқылы адамгершілік құндылықтардың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Сахналық туындыға 10-нан астам студент қатысып, әрқайсысы өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдай білді. Басты және қосалқы рөлдерді университеттің 1–3 курс студенттері – Аманқос Жайна, Ескалиева Дильназ, Мыңбаева Арай, Санақбай Шапағат, Сәкенқызы Аруна, Сәрсенбаев Жарылқасын, Абайұлы Аймырза, Дулатқызы Жайна, Шамшитдин Арсен, Сапарбек Балауса, Сматулла Әлихан сынды білім алушы жастар орындады. Олардың актерлік шеберлігі, сахна мәдениеті мен образды жеткізудегі шынайылығы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Қойылымның көркемдік шешімі мен режиссерлік тұжырымдамасы мазмұнмен үйлесім тауып, сахналық қойылымның тұтастығын қамтамасыз етті. Әсіресе, кейіпкерлер арасындағы эмоциялық байланыс, сахнадағы динамика мен драмалық шиеленістер көрерменге ерекше әсер қалдырды. Студенттер өз рөлдерін барынша сезініп, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін дәл жеткізе алды.

Аталған қойылым тек көркем өнер туындысы ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік мәні зор рухани жоба ретінде ерекшеленді. Ол көрермендерді жақын жандардың қадірін бағалауға, отбасы құндылықтарын құрметтеуге және адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстауға үндейді. Қойылымнан алынған әсер әрбір көрерменнің жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Бұл драмалық қойылым университеттің мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Сонымен қатар «Біз» театрының кәсіби деңгейінің артып, шығармашылық ізденіс жолында табанды еңбек етіп келе жатқанын айқын көрсетті. Университет ұжымы алдағы уақытта да осындай мазмұнды әрі тағылымы мол мәдени іс-шараларды жалғастыра беретініне сенім мол.