Астанада дінтану бойынша XVIII республикалық студенттік олимпиада өттіFarabi University

91ý

Астанада дінтану бойынша XVIII республикалық студенттік олимпиада өтті

18 сәуір 2026
Астанада дінтану бойынша XVIII республикалық студенттік олимпиада өтті

2026 жылы 17-18 сәуір күні Астанада Л. Гумилев атындағы ұлттық университетінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «6B02206-Дінтану» білім беру бағдарламасы бойынша XVІII Республикалық студенттік пәндік олимпиадасы өткізілді. Олимпиаданың мақсаты дарынды студенттерді іріктеп, шығармашылық қабілеттерін дамыту және қолдау көрсету, зияткерлік әлеуетінің қалыптасуына көмектесу және қазіргі заманның ғылыми мәселелерін шешуге жұмылдырып, ғылыми қызметке қызығушылығын дамыту болып табылды. Олимпиадаға республикамыздағы мына 9 жоғарғы оқу орны қатысты: 
1.    Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті; 
2.    Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті; 
3.    Лев Николаевич Гумилев  атындағы Еуразия Ұлттық университеті; 
4.    Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті; 
5.    Академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті;
6.    Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті;
7.    Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті;
8.    Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті;
9.    Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті. 
 Олимпиада «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі дін» тақырыбына арналды. Бұл тақырыптың өзектілігі заманауи технологиялардың рухани салаға терең енуімен тікелей байланысты. Бүгінде дін тек дәстүрлі институттар аясында ғана емес, виртуалды кеңістікте, әлеуметтік медиа мен цифрлы платформаларда белсенді өмір сүруде. Бұл үдеріс діни бірегейліктің трансформациялануына, жаңа «цифрлы жамағаттардың» қалыптасуына және уағыз айту әдістерінің түбегейлі өзгеруіне алып келді. Сонымен қатар, жасанды интеллектің дамуы сана, жан және жауапкершілік сияқты іргелі теологиялық сұрақтарды қайта қарауды талап етеді. Технологиялар адамзат игілігіне қызмет етуі тиіс болса, діни этика бұл жерде алгоритмдердің әділдігі мен деректердің құпиялылығын реттейтін рухани бағдаршам рөлін атқарады. Цифрландыру жағдайында діни сауаттылықты арттыру және киберкеңістіктегі деструктивті идеологияларға қарсы тұру мәселесі де ерекше маңызға ие. Олимпиада аясында бұл тақырыпты талқылау — жас ғалымдарға технологиялық прогресс пен дәстүрлі құндылықтарды өзара ұштастырудың жолдарын іздеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл бағыт пәнаралық зерттеулерді ынталандырып, болашақ қоғамның рухани-этикалық негіздерін қалауға қызмет етеді. Технология заманында адамның ішкі болмысын сақтау — бүгінгі күннің басты міндеті.
Олимпиада  үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде топпен ылыми жоба қорғау талап етілсе, екінші кезеңде қатысушы студенттер «Үздік білімгер» сайысына түсіп, Кахут платформасы арқылы тест тапсырмаларын орындады. Үшінші кезеңде «Ұяшықты таңдап» командамен жасырын сұрақтарды жауаптады. 
Олимпиада нәтижесінде топтық деңгейде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы топ жарып, І орын иеленді. Қатысушы студенттер Эрик Малика, Тоқай Айым, Бейсбек Ілияс Алғыс хаттан бөлек, «әл-Фараби ізбасарлары» тобы ретінде 100 мың теңгелік жүлдеге ие болды. 
Топты бастап барған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры жетекші әрі Комиссия мүшесі Құдайберді Сабыржанұлы Бағашаров та арнайы Алғыс хатпен марапатталды. 
Комиссия төрағасы профессор Д. Кенжетай олимпиада жеңімпаздарына сәттілік тілеп, ЕҰУ Дінтану кафедрасы ұжымына шараны жақсы ұйымдастыра білгені үшін алғыс білдірді.