ҚазҰУ-да жасыл химиялық инженерия бойынша бірлескен зертхана ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Шихэцзы университетінің Химия және химиялық инженерия колледжімен бірлесіп құрылған KazNU–SHZU Жасыл химиялық инженерия бойынша Қазақстан–Қытай бірлескен зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Маңызды оқиғаның алдында Шихэцзы университетінің Химия және химиялық инженерия мектебінің деканы Лю Цзичан бастаған делегация Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығымен кездесті. Жүздесу&Բ;барысында тараптар Жасыл химиялық инженерия жөніндегі бірлескен зертхананы құру туралы келісімге қол қойды.

Қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ыбраимов қарсы алып, бұл бастаманың Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Оның айтуынша, ҚазҰУ Қытайдың жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарымен ұзақ жылдан бері нәтижелі серіктестік орнатып келеді. Бұл ынтымақтастық бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға, жас ғалымдарды даярлауға және жаһандық ғылыми-технологиялық сын-қатерлерге ортақ шешімдер іздеуге негізделген. Ал Шихэцзы университетімен жасалған жаңа келісім осы байланыстарды одан әрі нығайтып, екі елдің ғылыми қауымдастығы арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге жол ашады.

Келісім аясында тараптар жасыл химия мен химиялық инженерия бағытында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, оқытушылар, ғалымдар және жас зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын дамытуға, халықаралық конференциялар, ғылыми семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға, ғылыми мақалалар жариялап, бірлескен патенттер алуға уағдаласты.

Кездесуден кейін ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде орналасқан Жасыл химиялық инженерия жөніндегі бірлескен зертхана салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға университет басшылығы, Шихэцзы университетінің делегациясы, ғалымдар мен зертхана қызметкерлері қатысты.\

Жиын барысында қатысушыларды айтулы оқиғамен ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева және химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхамбетқали Бүркітбаев құттықтады.

Өз кезегінде Шихэцзы университетінің Химия және химиялық инженерия мектебінің деканы Лю Цзичан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына жемісті әріптестік үшін алғыс білдіріп, соның нәтижесінде заманауи талаптарға сай жабдықталған бірлескен зертхананың ашылғанын ерекше атап өтті.
Зертхананың негізгі ғылыми бағыттарына жасыл катализ, орнықты химиялық үдерістерді зерттеу, биомассаны кешенді өңдеу және тиімді пайдалану, жоғары қосылған құны бар химиялық және фармацевтикалық өнімдерді экологиялық қауіпсіз әдістермен синтездеу, қоршаған ортаны қорғау технологияларын әзірлеу, жаңа буындағы экологиялық таза материалдар жасау, сондай-ақ көмірсутек шикізатын тасымалдау мен өңдеудің озық технологияларын дамыту кіреді.

Жасыл химиялық инженерия жөніндегі бірлескен зертхананың ашылуы ҚазҰУ мен Шихэцзы университеті арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындады. Бұл жоба жасыл химиялық инженерия саласындағы озық ғылыми зерттеулердің дамуына серпін беріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, инновациялық технологияларды дамытуға және жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға ықпал етеді.






Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі