- Басты бет
- Жаңалықтар
- XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада: «Цифрлық дәуірдегі кітапхана: білім, инновация, болашақ»
XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада: «Цифрлық дәуірдегі кітапхана: білім, инновация, болашақ»
2026 жылғы 23 сәуірде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 6B03210 – «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті. Іс-шараның Ұлттық кітап күні және Кітапханашылар күнімен тұспа-тұс келуі оның әлеуметтік-мәдени маңызын арттырды. Олимпиадаға еліміздің осы бағытта мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарынан жеті команда қатысты.
Олимпиада білім, зерттеу және шығармашылық қабілеттерді ұштастыратын кәсіби алаң ретінде ұйымдастырылды. Қатысушылар теориялық дайындықтарын көрсетумен қатар, практикалық кезеңде заманауи кітапхана қызметтерін трансформациялауға бағытталған жобаларды ұсынды. Байқау үш кезеңнен тұрды: таныстыру, теориялық және практикалық (жобаларды қорғау). Әр кезеңде білім алушылардың кәсіби құзыреттері кешенді түрде бағаланды.
Байқау нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті, дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының 6В03205 – Кітапханалық ақпараттық жүйелер білім беру бағдарламасының студенттері, «Білім шамшырақтары» командасы иеленіп, «Үздік команда» номинациясымен марапатталды.
Команда «Smart кітапхана – мәдени капиталды дамытуға арналған цифрлық экожүйе» атты ғылыми жобасын және моделін ұсынып, оны нақты пилоттық шешімдер арқылы дәлелдеді.
Ұсынылған жоба кітапхананың дәстүрлі функцияларын цифрлық сервистермен интеграциялауға бағытталған. Жоба аясында үш пилоттық бағыт жүзеге асырылды. Бірінші бағыт – «Біздің қаланың дауыстары» цифрлық аудиотекасы. Бұл жоба арқылы оқырмандар кітап үзінділерін немесе ауызша әңгімелерді өз дауыстарымен жазып, ортақ аудиоқор қалыптастырады. Жоба қоғамның мәдени жадысын сақтауға, ұрпақаралық байланысты нығайтуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.
Екінші бағыт – «QR-тарихтар» жобасы, оның мақсаты кітапхана кеңістігін интерактивті ақпараттық ортаға айналдыру. QR-кодтар арқылы пайдаланушылар кітаптар мен авторлар туралы кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізе алады. Үшінші бағыт – «Smart-гид», яғни пайдаланушыларға кітапханалар мен мәдени нысандар туралы жедел ақпарат ұсынатын цифрлық сервис.
Ұсынылған модель кітапхананың цифрлық трансформациясын, оқырманның белсенді қатысуын және ақпараттық қызметтердің жаңа форматтарын айқын көрсетті. Жоба сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) үйлеседі:
– ТДМ 4 (Сапалы білім) – білімге ашық әрі тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ету;
– ТДМ 9 (Инновациялар және инфрақұрылым) – айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етпейтін цифрлық шешімдерді енгізу;
– ТДМ 10 (Теңсіздікті азайту) – әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
– ТДМ 11 (Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар) – мәдени мұраны сақтау және жергілікті қауымдастықтарды дамыту.
Жоба кітапхананы дәстүрлі ақпарат сақтау орнынан интерактивті, цифрлық және әлеуметтік маңызы жоғары білім кеңістігіне айналдырудың тиімді моделін көрсетеді.
Smart кітапхана – бұл болашақ емес, қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан шынайы трансформация.
