Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Dulan Yuke Environmental Tecnology Co.Ltd компаниясының басшысы Чэнь Бомен кездесу өткізді.
Тараптар ынтымақтастықты арттыру жөнінде пікір алысты. Жүздесуге «Достық Энерго» компаниясының басшысы Әсет Елшібаев және компания өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ҚазҰУ, «Достық Энерго» және Dulan Yuke Environmental Tecnology Co.Ltd компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында университет студенттері компания базасында өндірістік тәжірибеден өтіп, заманауи технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар тараптар экология, энергетика, жасанды интеллект және ІТ бағыттары бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға уағдаласты.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетіне тоқталып, ҚазҰУ-дың жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктері туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ректор ЖОО-да жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар мен халықаралық бағдарламалардың нәтижелерін таныстырды.

Өз кезегінде компания басшысы Чэнь Бо: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуеті мен заманауи білім беру жүйесі жоғары деңгейде дамығанына көз жеткіздік. Біз университетпен бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, студенттердің кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасауға және өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға мүдделіміз. Болашақта бұл ынтымақтастық екі тарап үшін де нәтижелі болады деп сенеміз», – деп атап өтті.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі