Әдеби сын және цифрлық мәдениет мәселелері сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде публицист, жазушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдекенің 70 жылдық мерейтойына арналған «Әдеби сын дискурсының трансформациясы: цифрлық мәдениет және медиа тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
ылыми басқосу қазақ әдеби сынының даму жолын талдап, қаламгердің рухани мұрасы мен әдебиет мәселелері тоғысқан мазмұнды конференцияға ұласты.

Конференция барысында зиялы қауым өкілдері, әріптестері, әдебиеттанушылар мен шәкірттері мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнап, оның шығармашылық жолына кеңінен тоқталды. Ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ қабырғасында ұстаздық етіп, бірнеше буын маман тәрбиелеген сыншының ғылым мен әдебиетке сіңірген еңбегі ерекше аталды.

Жиында сөз сөйлеген университеттің Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Әбдірахман Тасыбаев ұлттың рухани қалыптасуында сыншыл ойдың маңызы зор екенін айтты. Мерейтой иесіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтауын табыстап, «Фараби» алтын медалімен марапаттады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы өз сөзінде: «Бұл тек Әмірханның тойы емес, бұл – қазақ әдебиетінің тойы», – деп, сыншының ұлттық әдебиеттегі айрықша орнын атап өтті.

Жиында сөз алған Қазақстан жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізіп, Әмірхан Меңдекенің әдебиеттегі батыл болмысына ерекше тоқталды. Өз сөзінде қаламгердің жас күнінен-ақ әдебиетке әділ сын айтып, уақыт өте сын мен парасатты ұштастыра білген тұлғаға айналғанын әсерлі баяндады.

Шара аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан жазушылар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат әдебиет пен журналистика саласындағы ғылыми-шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Сонымен қатар «Әдеби сын дискурсының трансформациясы: цифрлық мәдениет және медиа тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция жинағының тұсаукесері өтті. Басылымда қазіргі әдеби сынның жаңа бағыттары, цифрлық мәдениет пен медиа кеңістіктегі әдеби үдерістер жайлы ғылыми мақалалар топтастырылған.

Конференция соңында сөз алған Әмірхан Меңдеке өзіне көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, арнайы келген қонақтарға, ұйымдастырушы әріптестеріне, достары мен шәкірттеріне ризашылығын жеткізді. Рухани мазмұны терең жиын қазақ әдеби сынының өткені мен бүгініне ой жүгірткен тағылымды кездесуге айналды.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар