- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шығыстану факультетінде «Шетелдік араб тілі оқытушыларына арналған интенсивті курс» атты біліктілік арттыру әдістемелік семинарының жабылу рәсімі өтті
Шығыстану факультетінде «Шетелдік араб тілі оқытушыларына арналған интенсивті курс» атты біліктілік арттыру әдістемелік семинарының жабылу рәсімі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ұйымдастырған «Шетелдік араб тілі оқытушыларына арналған интенсивті курс» атты біліктілік арттыру әдістемелік семинары өз мәресіне жетіп, салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Семинар барысында қатысушылар араб тілін оқытудың заманауи әдістемелерімен танысып, халықаралық тәжірибе алмасу алаңында кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік алды. Аталған шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжәнеӘТУ, Нұр-Мүбарак университеті, Абай университеті оқытушылары мен Философия факультетінің дінтанушы ғалымдары қатысты.
Жабылу рәсіміне Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан Шәріпбайұлы қатысып, семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Өз сөзінде декан халықаралық академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, семинар жұмысына белсене қатысқан барлық оқытушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, семинарды жүргізген Әл-Қасимия университетінің (БАӘ, Шаржа әмірлігі) PhD профессоры М. Сехсах қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қазақ жоғары оқу орындарындағы араб тілі мамандарының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде екі университет арасындағы ғылыми және академиялық байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Әл-Қасимия университетінің ректоры А. Әл-Халаф атынан семинар қатысушыларына арнайы сертификаттар берілді. Сондай-ақ, екіжақты меморандум аясында ұйымдастырылған семинарды өткізу бастамасын қолдап, университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда қосқан үлесі үшін университет ректоры профессор Авад Әл-Халаф мырзаға университетіміздің ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы атынан алғыс хат жолданды.
Семинар соңында тараптар болашақта да бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алмасу бағдарламаларын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Мұндай халықаралық әдістемелік кездесулер жоғары білім беру жүйесіндегі кәсіби байланысты нығайтып, араб тілін оқыту сапасын арттыруға өз үлесін қоса беретіні атап өтілді.
Жумажанова Ф.Т.
Кафедра меңгерушісінің ғылыми-иновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары



Басқа жаңалықтар