Қазан институтымен ықпалдастық артады — ҚазҰУ

91ý

Қазан институтымен ықпалдастық артады

28 мамыр 2026
Қазан институтымен ықпалдастық артады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазан мемлекеттік мәдениет институтына арнайы жұмыс сапарымен барып, оқу ордасының ғылым және шығармашылық бағыттардағы жетістіктерімен танысты. 

Жансейіт Қансейітұлын ҚазММИ ректоры Роза Ахмадиева қарсы алып, институттың соңғы ғылыми нәтижелері туралы мәлімет берді. Инжиниринг орталығының зертханалары, музей және «Цифрлық кескіндеме» көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар шығармашылық нейротерапия бағдарламаларын әзірлеуден бастап, «Сабантой» фиджитал ойынына дейінгі университет жобалары ұсынылды. «Студенттік стартап» бағдарламасының жеңімпаздары ҚазҰУ ректорына өздерінің табысты технологиялық бизнес-жобаларын көрсетті.

Танысудан кейін ЖОО басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын талқылады. Тараптар академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу бағыттарында әріптестікті кеңейтуге мүдделілік танытты.

Роза Ахмадиева кездесудің маңыздылығына тоқталып, екі ЖОО арасындағы байланыстың нығаюы ғылым мен мәдениет саласындағы жаңа бастамаларға жол ашатынын атап өтті. «Біз ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға ерекше мән береміз. Бүгінгі кездесу тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенемін. Әсіресе жастардың инновациялық бастамаларын қолдау, цифрлық технологияларды мәдениет саласына енгізу бағытындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор», – деді Роза Ахмадиева.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев Қазан мемлекеттік мәдениет институтының заманауи бастамалары мен шығармашылық жобаларына жоғары баға берді. 

Келіссөз қорытындысында қос тарап ортақ жұмыс тобын құрып, жұмыс жоспарын бекітуге уағдаласты.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі