ҚазҰУ оқытушылары Ташкентте өткен II Орталық Азия қытайтану форумына қатысты — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ оқытушылары Ташкентте өткен II Орталық Азия қытайтану форумына қатысты

16 маусым 2026
ҚазҰУ оқытушылары Ташкентте өткен II Орталық Азия қытайтану форумына қатысты

2026 жылғы 13 маусымда Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында «Орталық Азия мен Қытай: мұра мен болашақ тоғысындағы өзара іс-қимыл» тақырыбында II Орталық Азия қытайтану форумы өтті.

Форум Қытайдың Дүниежүзілік қытайтану орталығы, Әлемдік экономика және дипломатия университеті жанындағы Перспективалы халықаралық зерттеулер институты (Өзбекстан), Қытай Халық Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» ғылыми-білім беру орталығының (Қазақстан) қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумның негізгі мақсаты – академиялық және сараптамалық ынтымақтастықты дамыту арқылы Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы диалогты нығайту. Іс-шара 2025 жылғы мамыр айында Алматы қаласында бастау алған өңірлік сарапшылық диалогтың жалғасы болып табылады және қазіргі кезеңдегі қытайтанудың пәнаралық ғылым ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.

Форум жұмысына Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасының жетекші қытайтанушы ғалымдары, ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан форумға Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының оқытушылар делегациясы қатысты. Даулет Ф.Н., Керімбаев Е.А., Асыл М.Б. және Байрам А. заманауи қытайтанудың өзекті мәселелеріне арналған ғылыми баяндамаларын ұсынып, Орталық Азиядағы әріптестерінің жоғары бағасына ие болды.

Форум аясында қытайтануды дамытудың өзекті бағыттары бойынша пікір алмасу өтіп, жаңа академиялық байланыстар орнатылды, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, білім беру жобаларын дамыту және халықаралық сарапшылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдерінің форумға қатысуы университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтуға және Орталық Азия мен Қытайдың жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастығын кеңейтуге маңызды үлес қосты.