Үнді ғалымы ҚазҰУ-дың суперкомпьютері мен зертханаларын аралады — ҚазҰУ

91ý

Үнді ғалымы ҚазҰУ-дың суперкомпьютері мен зертханаларын аралады

25 маусым 2026
Үнді ғалымы ҚазҰУ-дың суперкомпьютері мен зертханаларын аралады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Үндістанның көрнекті ғалымы, Нью-Делидегі Джавахарлал Неру университетінің профессоры, Тілдер, әдебиет және мәдениет мектебіне қарасты Парсы және Орталық Азия зерттеулері орталығының директоры Ахлак Ахмад Аханмен кездесу өтті. 

      Сапар аясында мәртебелі қонақ университеттің ғылыми-білім беру инфрақұрылымымен танысты. Ғалым Қазақстан-Қытай Жерді қашықтықтан зондтау технологиялары зертханасын, Farabi Supercomputer Center суперкомпьютерлік технологиялар орталығын, Ми институтын, Farabi Hub инновациялық орталығын, KUKA Robotics және HUIBO Robotics робототехника зертханаларын аралап, Әл-Фараби ғылыми кітапханасының музейлік экспозициясы мен сирек кітаптар қорын көрді.

       ҚазҰУ атынан делегацияны Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алды. Өз сөзінде ол университеттің халықаралық академиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келе жатқанын атап өтіп, Орталық Азия халықтарының тарихын, мәдениеті мен тілдерін зерттеуге ерекше мән берілетінін айтты. Сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдармен өзара байланыс ғылыми серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен білім беру мен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік беретінін жеткізді.

      Кездесуде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев те сөз сөйлеп, Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту мен академиялық ықпалдастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. 

Профессор Ахлак Ахмад Ахан өз баяндамасында Джавахарлал Неру университетінің Парсы және Орталық Азия зерттеулері орталығының негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастықты дамытудың перспективалары туралы ой бөлісті. 

       Келіссөздер барысында халықаралық ғылыми серіктестікті нығайту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, тарих, мәдениет, тіл және өңіраралық байланыстар салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе Қазақстан мен Үндістанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. 

Сапар қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыруға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық академиялық диалогты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі