- Басты бет
- 91ý NEWS LETTERS
- Жұмыс — тең құқық: ғалымдар Қазақстандағы мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке орналасу кедергілерін зерттейді
Жұмыс — тең құқық: ғалымдар Қазақстандағы мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке орналасу кедергілерін зерттейді
Қазақстанда 725 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 33%-ында тірек-қимыл аппаратының бұзылысы, 14,5%-ында көру қабілетінің, 5%-ында есту қабілетінің бұзылысы бар, 4,6%-ы инвалид арбасында жүреді. Еңбекке қабілетті жасындағы мүгедектігі бар 425 мың азаматтан тек 30%-ы ғана жұмыс істейді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш Ұлыбританияда 53,6%, Австралияда 56,1%, Канадада 61,8%-ды құрайды.
Бұл сандар артындағы шындық — мүгедектігі бар адам жұмысқа тұра алмаса, ол мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді болып қалады. Жәрдемақы медициналық күтімге, көмекші құрылғыларды ұстауға жетпейді. Бұл — тауқыметтің тізбегі: экономикалық тәуелсіздік жоқ, қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігі шектеулі, теңсіздік артады.
Осы мәселені жүйелі зерттеу мақсатында отандық зерттеуші «Физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмыспен қамтылуын мемлекеттік реттеу: Қазақстан Республикасындағы кедергілер мен даму перспективалары» атты ғылыми жобаны іске асыруда.
Мүгедектігі бар азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі облыстар бойынша 22,8%-дан 42,6%-ға дейін ауытқиды. Тек Қарағанды мен Ұлытау облыстарында ғана бұл көрсеткіш 40–42,6%-ды құрайды. Ал Абай, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі 22,8%–29%-дан аспайды.
Мемлекет жұмыспен қамтылуды арттыруға бағытталған екі негізгі құрал пайдаланады: мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарының квотасы және мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау. Алайда нәтижелер алаңдатарлық.
Квота бойынша жұмысқа орналастыру соңғы үш жылда тұрақты төмендеп келеді: 2021 жылы квота бойынша 72%, 2022 жылы — 56%, 2023 жылы — 53% жұмысқа орналастырылды. Ал субсидиялау механизмі іске қосылғаннан бері мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жасалған жұмыс орындарының саны 57%-ға азайды. Бұл — реттеу механизмдері жұмыс жасап тұрғанмен, нәтижесі кері бетке бұрылып жатқанын айғақтайды.
Неліктен? Бұл сұраққа жауап іздеу — жобаның басты ғылыми міндеті.
Отандық ғылымда мүгедектігі бар адамдар мәселесіне арналған зерттеулердің басым бөлігі инклюзивті білім беруге арналып келді. Мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуы жекелеген зерттеулерде қарастырылса да, физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмыспен қамтылуын мемлекеттік реттеу тұрғысынан — кедергілерді анықтауға, оларды жүйелеуге және шешу жолдарын ұсынуға бағытталған кешенді зерттеу бұрын-соңды жүргізілмеген.
Жобаның ерекше ғылыми үлесі мынада: дамыған елдерде мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі жоқ азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі арасындағы алшақтық 15–28% аралығында болса, Қазақстанда бұл алшақтық 65,2%-ды құрайды. Бұл сандар арасындағы айырмашылықтың мәнін ашу — жобаның негізгі ғылыми міндеттерінің бірі.
Жоба аясында физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмысқа орналасу саясатының тұжырымдамалық моделі жасалады. Жоба жетекшісі бұрын мүгедектігі бар адамдардың пассивті кірісінің себептерін және 1980–2021 жылдар аралығындағы тенденцияларды қарастырған концептуалды моделді жасаған. Жаңа жобадағы тұжырымдамалық модель ерекшеленеді: нақты бір мүгедектік түріне — физикалық бұзылысы бар адамдарға — бағытталады, дамыған елдердің тәжірибесі мен ерекшеліктерді ескереді.
Жобаның басты мақсаты — физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмыспен қамтылуын мемлекеттік реттеудің жай-күйін зерттеу және талдау, олардың жұмысқа орналасуына кедергі болып отырған факторлар мен тосқауылдарды анықтау, даму перспективаларын айқындау және жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға бағытталған ұсыныстар жасау.
Төрт негізгі міндет осы мақсатты жүзеге асырады.
Бірінші міндет — библиометриялық талдау бар әдебиет шолуы негізінде физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмысбастылығын мемлекеттік реттеудің теориялық негіздерін ашу және тұжырымдамалық модель жасау.
Екінші міндет — физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмысбастылығын мемлекеттік реттеудің жалпыәлемдік тәжірибесін зерттеу және бұл саяси тәсілдерді салыстырмалы талдау.
Үшінші міндет — сапалы және сандық зерттеу әдістерін қолдана отырып, Қазақстандағы жағдайды жан-жақты талдау. Бұл кезеңде сарапшылармен интервью, кәсіпкерлігімен айналысатын физикалық бұзылысы бар азаматтармен интервью және физикалық бұзылысы бар азаматтар мен мүгедектігі жоқ азаматтармен жаппай сауалнама жүргізіледі.
Төртінші міндет — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ ҚР ылым және жоғары білім министрлігіне нақты ұсыныстар мен мемлекеттік реттеуді жетілдіру шараларын әзірлеу.
Жоба аясында зерттеудің сандық, сапалы және салыстырмалы әдістерінің кешені қолданылады.
Библиометриялық талдаумен бірге жүргізілетін әдебиет шолуы Scopus және Web of Science базаларындағы ғылыми мақалаларды, Халықаралық еңбек ұйымының есептерін, нормативтік-құқықтық базаны және жергілікті билік органдарының материалдарын жүйелі талдауды қамтиды. Библиометриялық талдау ғылыми білімнің жаһандық суретін кең ауқымда қамтып, зерттеу бағытын айқындауға мүмкіндік береді.
Салыстырмалы талдау дамыған елдердің — Ұлыбританияның, Австралияның, Канаданың, Швейцарияның — мүгедектігі бар адамдардың жұмысбастылығын реттеу тәжірибесін зерделеу арқылы Қазақстанда бейімдеуге болатын озық тәжірибелерді анықтауды мақсат етеді.
Сарапшылар интервьюі жеке және мемлекеттік ұйымдардың басшыларымен, ҚР Еңбек министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директорымен, Алматы және өзге қалалардағы жұмыспен қамту орталықтары директорларымен жүргізіледі.
Жартылай құрылымдалған интервью физикалық бұзылысы бар кәсіпкерлермен жүргізіліп, олардың кәсіпкерлік қызметіне кедергі болып отырған факторлар мен тосқауылдар анықталады.
Құрылымдық теңдеу моделі — жобаның методологиялық ядросы. Физикалық бұзылысы бар азаматтар мен мүгедектігі жоқ азаматтарға жеке сауалнама арқылы жиналған бастапқы деректер Stata бағдарламасында өңделеді. Бұл статистикалық әдіс сыртқы орта факторларының жұмысбастылық мәртебесіне тигізетін ықпалын — екі топ үшін салыстырмалы түрде — нақты өлшеуге мүмкіндік береді.
Жоба халықаралық міндеттемелер жүйесімен тікелей байланысты. Қазақстан 2015 жылы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялады. 2023 жылы Факультативтік хаттама ратифицияланды — бұл мүгедектігі бар адамдардың Конвенция бұзылды деп Комитетке шағымдануына мүмкіндік береді. 2030 жылға дейінгі ҚР Ұлттық жоспары осы міндеттемелердің практикалық іске асырылуын жоспарлайды.
БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 10-шысы жас, жынысы, мүгедектік немесе өзге мәртебесіне қарамастан барлық азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуын ынталандыруды мақсат етеді. Зерттеу дәл осы жаһандық күн тәртібімен үндеседі.
Жоба бірнеше деңгейде нақты өнімдер береді.
ылыми деңгейде физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмысбастылығын мемлекеттік реттеудің тұжырымдамалық моделі жасалады. Бұл модель жұмысбастылық саясатының негізгі элементтерін, олардың өзара байланысын және физикалық бұзылысы бар адамдар үшін ерекше қаралуы тиіс аспектілерді бейнелейді.
Саяси деңгейде Еңбек министрлігіне және ылым және жоғары білім министрлігіне нақты ұсыныстар беріледі. Ұсыныстар анықталған кедергілер мен тежеуші факторлар негізінде жасалып, дамыған елдердің озық тәжірибесіне сүйенеді.
Практикалық деңгейде физикалық бұзылысы бар адамдардың жұмыспен қамтылуын мемлекеттік реттеуді жетілдіру шаралары әзірленеді.
Нәтижелер Web of Science немесе Scopus базаларына кіретін халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланады.
Басқа жаңалықтар