- Басты бет
- 91ý NEWS LETTERS
- Қазақстанда діни экстремизм идеологиясының ықпалына түскен адамдарды қоғамға қайтарудың жаңа ғылыми моделі әзірленуде
Қазақстанда діни экстремизм идеологиясының ықпалына түскен адамдарды қоғамға қайтарудың жаңа ғылыми моделі әзірленуде
Пенитенциарлық жүйеде жазасын өтеп шығу — бұл қиындықтың аяқталуы емес, адам үшін нағыз «дағдарыс кезеңінің» басы. Халықаралық зерттеушілер Robert Pelzer мен Mika Moeller атап өткендей, түрмеден босап шыққан тұлғалар бірден әлеуметтік, мәдени және психологиялық кедергілерге тап болады. Әлеуметтік стигматизация, жұмыссыздық және ортаға бейімделе алмау факторлары бұрынғы сотталғандарды қайтадан экстремистік топтардың жетегіне ертіп кетуі мүмкін. Қазақстан үшін бұл мәселе тек құқықтық емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды шарты болып табылады.
«Діни экстремизм идеологиясының ықпалына түскен адамдардың постпенитенциарлық кезеңдегі Қазақстан қоғамына реинтеграциясы» атты ғылыми жоба 2025 жылдың 3 қаңтарында басталып, 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Жоба мемлекеттік гранттық қаржыландыру аясында «Елдің зияткерлік әлеуеті» басым бағыты бойынша іске асырылуда. Зерттеудің жалпы бюджеті 27 275 695 теңгені құрайды. Жоба гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі зерттеу болып табылады және дінтану, әлеуметтану, психология және саясаттану ғылымдарының тоғысында орындалады.
2024 жылғы ақпан айындағы деректер бойынша, Қазақстанның пенитенциарлық мекемелерінде 35 228 адам жазасын өтеуде. Соңғы жылдары экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталғандар саны тұрақты: 2019 жылы — 140 адам, 2022 жылы — 124 адам, 2023 жылы — 122 адам сотқа жіберілген. Түрме ішінде дерадикализация жұмыстары жүргізілгенімен, бостандыққа шыққаннан кейінгі реинтеграция процесі осы уақытқа дейін Қазақстанда ғылыми деңгейде терең зерттелмеген. ылыми негізделген әдістеменің жоқтығы мемлекеттік оңалту орталықтарының жұмысын бағалауды қиындатып, бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану қаупін тудырады.
Жобаның басты мақсаты — бұрынғы сотталғандардың әлеуметтік-психологиялық бейімділігін, зайырлылық қағидаттарына, ұлттық құндылықтарға және мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесіне лоялдылығын зерделей отырып, мемлекет үшін тиімді шешімдер ұсыну.
Бұл мақсатқа жету үшін алты негізгі міндет айқындалған:
- Теориялық базаны қалыптастыру: Реинтеграция бойынша отандық және шетелдік ғылыми тәсілдерді жүйелеу.
- Халықаралық тәжірибені зерделеу: Германия, Еуропа елдері және Ресейдің оңалту менеджментіндегі артықшылықтары мен кемшіліктерін талдау.
- Эмпирикалық зерттеу: Қазақстанның барлық облыстарында бұрынғы сотталғандармен және сарапшылармен сұхбаттар өткізу.
- Мемлекеттік институттарды талдау: Қолданыстағы оңалту орталықтарының қызметін бақылау және құжаттарын сараптау.
- Тиімді жолдарды ұсыну: Зерттеу нәтижесінде нақты практикалық ұсыныстар мен перспективаларды әзірлеу.
- Нәтижелерді жариялау: Монографиялар, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтар шығару.
Жобаның басты ерекшелігі — шетелдік функционалдық-құрылымдық тәсілден гөрі, себеп-салдарлық байланысты анықтауға бағытталуында. Шетелдік ғалымдар көбінесе менеджментке мән берсе, бұл жоба реинтеграцияның нақты нәтижелерін — адамның санасы мен құндылықтарының қалай өзгергенін зерттейді. Зерттеу барысында:
- Эмпирикалық деректерді өңдеу үшін SPSS бағдарламасы қолданылады.
- SWOT-талдау, компаративистикалық және каузалды әдістер пайдаланылады.
- Далалық зерттеулер аясында бұрынғы сотталғандардың туыстарымен де жұмыс жүргізіледі.
Зерттеу нәтижелері Алматы қаласындағы «Оңтайландыру және кеңес беру орталығы» сияқты мекемелердің жұмысын ғылыми тұрғыдан жетілдіруге көмектеседі. Жоба аясында дайындалған әдістемелік нұсқаулықтар мемлекеттік органдарға, жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу институттарына таратылады. Бұл жұмыс Қазақстандағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға, дінаралық келісімді нығайтуға және экстремистік рецидивизм қаупін төмендетуге тікелей ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар