ҚазҰУ ғылыми мәртебесін бес жылға бекітті — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ ғылыми мәртебесін бес жылға бекітті

1 шілде 2026
ҚазҰУ ғылыми мәртебесін бес жылға бекітті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бес жыл мерзімге ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде мемлекеттік аккредиттеуден сәтті өтті.

Аккредиттеу «ылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес жүргізілді. Аккредитациялық рәсімнің қорытындысы бойынша университет ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын ұйым ретіндегі мәртебесін растайтын аккредиттеу туралы куәлік алды.

Бұл құжат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын орындауға арналған конкурстарға қатысу құқығын береді. Мұндай жобаларды қаржыландыру мемлекеттік бюджет, халықаралық ұйымдар мен қорлар, кәсіпкерлік сектор, үкіметтік емес қорлар және өзге де ұйымдар қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Университеттің жоғары ғылыми әлеуеті зерттеу қызметінің нәтижелерімен расталады. 2025-2026 оқу жылында ҚазҰУ-да гранттық, бағдарламалық-нысаналы, халықаралық және шаруашылық шарттық зерттеулерді қоса алғанда, 377 ғылыми-зерттеу жобасы іске асырылды.

Университет жарияланым белсенділігі бойынша елімізде көшбасшы. 2025 жылы ҚазҰУ ғалымдары Scopus деректер базасында индекстелетін 2088 ғылыми жұмыс жариялады, бұл Қазақстан жарияланымдарының жалпы санының 18,5 пайызын құрайды.

Университеттің заманауи ғылыми инфрақұрылымына ғылымның басым бағыттары бойынша зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ететін 42 ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталық, 155 ғылыми зертхана және екі аккредиттелген сынақ зертханасы кіреді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі