ҚазҰУ делегациясы Shin-Line компаниясының өндірістік кешенімен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бастаған делегациясы Shin-Line компаниясының өндірістік кешеніне барды. Сапардың мақсаты – университет пен кәсіпорын арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау.

Делегация құрамында Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының директоры Тахир Азатұлы, ылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Қуаныш Тастамбек, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов, биология және биотехнология факультетінің деканы Мейрамгүл Нармұратова, механика-математика факультетінің деканы Мәдина Мансұрова, Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры Бақыт Ханиев, «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты директорының орынбасары Дамир Жаңаберген, сондай-ақ химия және химиялық технология факультетінің оқытушы-профессорлық құрамы болды.

Экскурсия барысында университет өкілдері компанияның өндірістік алаңдарын аралап, технологиялық үдерістермен, кәсіпорын инфрақұрылымымен және жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалармен танысты.

Басқосуда Shin-Line компаниясының вице-президенті Дамир Дигай және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов сөз сөйлеп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту, жоғары білікті мамандар даярлау және инновациялық технологияларды өндіріске енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесуде ҚазҰУ өкілдері цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, химия, биотехнология, өндірісті автоматтандыру, робототехника және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, студенттердің өндірістік тәжірибесі мен тағылымдамаларын ұйымдастыру мәселелері кеңінен қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар университеттің ғылыми әлеуеті мен Shin-Line компаниясының өндірістік тәжірибесін ұштастыруға бағытталған әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі