Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері ІІІ Дүниежүзілік заңгерлер форумына қатысты — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері ІІІ Дүниежүзілік заңгерлер форумына қатысты

13 шілде 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері ІІІ Дүниежүзілік заңгерлер форумына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік заңгерлер форумының жұмысына қатысты. Форум «Қытай – Орталық Азия» заңгерлік білім беру альянсының ұйымдастыруымен өткізіліп, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы заңгерлік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, академиялық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі заңгер мамандарды даярлау, жасанды интеллект және халықаралық құқық үстемдігі салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясының құрамында Басқарма мүшесі – Бірінші проректор Самғат Қуатұлы Ермекбаев, халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Талғатқызы Сайрамбаева және халықаралық құқық кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Дана Өмірбекқызы Байтұқаева болды.

Форумның негізгі тақырыбы «Қытай және шетел құқықтық өркениеттерінің өзара алмасуы мен өзара байытылуы» болды. Іс-шараға ғылыми қауымдастықтың, заңгерлік практиканың, бейінді халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қытай мен басқа да мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Форум аясында қазіргі құқықтық жүйелердің дамуы, цифрлық экономиканың құқықтық негіздерін қамтамасыз ету, халықаралық құқықтық ынтымақтастықты жетілдіру, заң саласында жасанды интеллект технологияларын қолдану, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлер жағдайында жоғары білікті заңгер кадрларды даярлау мәселелері бойынша мазмұнды пікірталастар өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдерінің форум жұмысына қатысуы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстарды кеңейтуге және құқық пен заңгерлік білім беру саласындағы ғылыми диалогты дамытуға ықпал етеді.