ҚазҰУ-да мемлекеттік білім гранттары конкурсына өтінім қабылдау басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына барып, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау жұмысының ұйымдастырылу барысымен танысты.

Мұнда талапкерлер мен олардың ата-аналарына қолайлы жағдай жасалған. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін электронды кезек жүйесі енгізілген, ал қабылдау комиссиясының мамандары жоғары оқу орнына түсу және білім гранттары конкурсына қатысу тәртібі бойынша жан-жақты жеке кеңес береді.


Серіктес жоғары оқу орындарымен өзара ықпалдастықты тиімді ұйымдастыру мақсатында Ұлттық зерттеу ядролық университеті «МИФИ» мен ҚХР Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалдарына арнайы жұмыс орындары бөлінген.

Талапкерлердің уақытын үнемдеу және құжат тапсыру үдерісін жеңілдету үшін университетте офлайн қабылдаумен қатар онлайн өтінім берудің де екі мүмкіндігі қарастырылған. Виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы талапкерлер үйден шықпай-ақ құжаттарын тапсыра алады. Ол үшін welcome.kaznu.kz сайтындағы онлайн қабылдау бөліміне өтіп, көрсетілген сілтеме арқылы бейнеқоңырауға қосылу жеткілікті. Сонымен қатар өтінімді eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып онлайн жолдауға болады.

Мемлекеттік білім гранттары конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлігін, ҰБТ сертификатын, 3×4 көлеміндегі фотосуретін, жалпы орта білім туралы аттестатын, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері дипломын ұсынуы тиіс. Жеңілдік санатына жататын талапкерлер тиісті растайтын құжаттарды қоса тапсырады. Онлайн форматта өтінім беретіндер барлық құжаттарды алдын ала PDF форматында немесе сапалы фотосурет түрінде дайындауы қажет.

Мемлекеттік білім гранттары конкурсына өтінімдер 20 шілдені қоса алғанға дейін қабылданады. Қабылдау комиссиясы күн сайын, демалыссыз, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар