ЖИ және Компьютерлік ғылымдар кафедрасы
Ақпараттық технологиялар факультеті 2018 жылы ашылып, 2025 жылы ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті болып қайта құрылды. Биыл факультет бірінші түлектерді қабылдайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Компьютерлік ғылымдар кафедрасы сынды профильді кафедраның болуы уақыт талабына сай, жасанды интеллект дәуірінде цифрлық ақпараттық технологиялардың күнделікті өмірдің барлық салаларында үнемі өсіп келе жатқан әсері мен қолданылуы және маман-кадрларды даярлау қызметін кеңейту қажеттілігімен түсіндіріледі. Мемлекетімізде ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың сәтті орындалуы қазіргі кезеңде білім беру мен ғылыми жүйелердің сапасын арттыру мәселесімен өзекті екені белгілі. Осыған орай, білім мен ғылым саласында жүзеге асырылып жатқан және болашағы зор барлық өзгерістер мен қажеттіліктің басты мақсаты – өз елімізді жоғары білімді, салауатты және прогресшіл ұлттық қоғам ретінде қалыптастыру.
Компьютерлік ғылымдар кафедрасы (бұрынғы Информатика кафедрасы) 2001 жылдың қараша айында құрылған. Кафедраның алғашқы меңгерушісі – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Г.Балақаева. Оның басшылығымен «Информатика», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша командалық, оқу жоспары, бағдарламалар құрылды. Кейіннен әр жылдары кафедра меңгерушілігін мына ғалымдар атқарды: техника ғылымдарының докторы, профессор Т.Шмыгалева; техника ғылымдарының докторы Д.Ж.Ахмед-Зәки; физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Урмашев; PhD, доцент Т.Иманқұлов, PhD, доцент м.а. Б.Дәрібаев. Бүгінде Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі – Н.Қасымбек.
Кафедра мынадай білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды:
Бакалавриат:
Компьютерлік инженерия, Компьютерлік ғылымдар, Есептеу инженериясы (3 жыл), Бағдарламалық инженерия (3 жыл).
Магистратура:
Компьютерлік инженерия, Компьютерлік ғылымдар, Компьютерлік ғылымдар және технологиялар (NPU), Информатика.
PhD (Докторантура):
Компьютерлік инженерия, Компьютерлік ғылымдар, Компьютерлік ғылымдар және технологиялар (NPU), Информатика, Жүйелік инженерия.
Барлық мамандықтарда жасанды интеллект бойынша курстар өтіледі. Атап айтқанда: Машиналық оқыту, Терең оқыту, Бекітумен оқыту, Нейрондық желілер, Тілді өңдеу және осы пәндердің түрлі деңгейдегі озық түрлері. Компьютерлік ғылымдар кафедрасында Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) оқытылады. Олар: киберқауіпсіздік, бұлтты және мобильді технологиялар, Smart технологиялар, E-технологиялар, Жасанды интеллект негіздері: генеративті модельдерден – пәнаралық қолдануға дейін.
Кафедрада ғылыми жұмыстармен айналысатын зертханалар:
• Компьютерлік ғылымдар зертханасы
• Жасанды интеллект және робототехника зертханасы
• Бағдарламалық қамтамасыз ету зертханасы
• Ақпараттық технологиялар және дизайн студенттер зертханасы
• Зияткерлік бағдарламаланатын жүйелер зертханасы
Бұл зертханаларда түрлі ғылыми жобалар іске асырылып жатыр:
«Жасанды интеллект қолдану арқылы Қазақстандағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау». (ылыми жетекші: Б.Мәткерім, PhD, доцент). «Мұнай өндіруді болжау мәселесін шешу үшін машиналық оқыту әдістерін қолдану». (ылыми жетекші: Е.Кенжебек, аға оқытушы). «Мұнайды ығыстыру мәселелерін шешуге арналған параллель физикалық-ақпараттандырылған нейрондық желілер». (ылыми жетекші: Т.Иманқұлов, PhD, доцент). «Бүйрек трансплантациясына қатысты деректерді өңдеу және талдау үшін жасанды интеллект пайдаланатын интеллектуалды бағдарламалық модуль үшін алгоритмдік механизмді әзірлеу». (ылыми жетекші: Ж.Бөрібаев, PhD, доцент м.а.). «Суперкомпьютер ресурстарын қолдана отырып, биоинформатика және кванттық есептеулер мәселелерін шешуді автоматтандырудың интеллектуалды есептеу моделін құру». (ылыми жетекші: С.Мұхамбетжанов, PhD, ф.-м.ғ.д., ассистент профессор). «Медициналық кескіндерді интерпретацияланатын талдау үшін терең нейрондық желілердің біріктірілген модельдерін құру». (ылыми жетекші: Л.Черикбаева, PhD, қауымдастырылған профессор).
Жедел дамып отырған ғылыми-техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық процесінің негізі. Заман ағымына қарай ақпараттық технологияларды қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Білім беру жүйесін ақпараттандыру, жасанды интеллектіні енгізудегі этикалық және құқықтық қиындықтарға қатысты кейстерді талдау, ЖИ-ді қолданудың негізгі мәселелері, қиындықтары, деректердің құпиялылығы, ЖИ-ді енгізудің оң және проблемалық нақты жағдайларын талдау мен ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану болашақ маманның өз мамандығына қызығушылығы мен мамандық сапасын арттырып, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда қоғамның даму жолдарын анықтайды.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бірнеше тапсырма берді. Оның ішінде ЖОО-ның зерттеу әлеуетін арттыру үшін бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жүйесін жолға қою, өзекті мәселе – ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру мәселесі бар. Сондай-ақ жас мамандарды даярлау үшін магистратура мен докторантура бағдарламаларына арналған грантты көбейту жағы қарастырылуда.
Тиыштық ХАКИМОВА,
Компьютерлік ғылымдар
кафедрасының доценті
Назгүл ЗАКАРЯНОВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар