Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері олимпиадада I орын иеленді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII республикалық студенттік пәндік олимпиада болып өтті. Олимпиадаға еліміздің осы бағытта мамандар даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарынан жеті команда қатысты.
Олимпиада білім, зерттеу және шығармашылық қабілеттерді ұштастыратын кәсіби алаң ретінде ұйымдастырылды. Қатысушылар теориялық дайындықтарын көрсетумен қатар, практикалық кезеңде заманауи кітапхана қызметтерін трансформациялауға бағытталған жобаларды ұсынды. Байқау үш кезеңнен тұрды: таныстыру, теориялық және практикалық (жобаларды қорғау). Әр кезеңде білім алушылардың кәсіби құзыреттері кешенді түрде бағаланды.
Байқау нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультеті Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері, «Білім шамшырақтары» командасы I орын иеленіп, «Үздік команда» номинациясымен марапатталды. Жетекшісі – қауымдастырылған профессор, педагогика ғылымының кандидаты Қалима Туенбаева.
Команда «Smart кітапхана – мәдени капиталды дамытуға арналған цифрлық экожүйе» атты ғылыми жобасы және моделін ұсынып, оны нақты пилоттық шешімдер арқылы дәлелдеді.
Ұсынылған жоба кітапхананың дәстүрлі функцияларын цифрлық сервистермен интеграциялауға бағытталған. Жоба аясында үш пилоттық бағыт жүзеге асырылды. Бірінші бағыт – «Біздің қаланың дауыстары» цифрлық аудиотекасы. Бұл жоба арқылы оқырмандар кітап үзінділерін немесе ауызша әңгімелерді өз дауыстарымен жазып, ортақ аудиоқор қалыптастырады. Жоба қоғамның мәдени жадысын сақтауға, ұрпақаралық байланысты нығайтуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.
Екінші бағыт – «QR-тарихтар» жобасы. Оның мақсаты – кітапхана кеңістігін интерактивті ақпараттық ортаға айналдыру. QR-кодтар арқылы пайдаланушылар кітаптар мен авторлар туралы кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізе алады. Үшінші бағыт – «Smart-гид», яғни пайдаланушыларға кітапханалар мен мәдени нысандар туралы жедел ақпарат ұсынатын цифрлық сервис.
Ұсынылған модель кітапхананың цифрлық трансформациясын, оқырманның белсенді қатысуын және ақпараттық қызметтердің жаңа форматтарын айқын көрсетті. Жоба сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үйлеседі: ТДМ-4 (Сапалы білім беру) – білімге ашық әрі тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ету; ТДМ- 9 (Индустрияландыру, инновациялар, инфрақұрылым) – айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етпейтін цифрлық шешімдерді енгізу; ТДМ-10 (Теңсіздікті қысқарту) – әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету; ТДМ -11 (Тұрақты қалалар және елді мекендер) – мәдени мұраны сақтау және жергілікті қауымдастықтарды дамыту.
Жоба кітапхананы дәстүрлі ақпарат сақтау орнынан интерактивті, цифрлық және әлеуметтік маңызы жоғары білім кеңістігіне айналдырудың тиімді моделін көрсетеді.
Smart кітапхана – бұл болашақтың ісі емес, қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан шынайы трансформация.
Тарих факультеті «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша кәсіби мамандар даярлауда жетекші орында. Бүгінде еліміздің түрлі өңіріндегі кітапханаларда осы мамандықты тамамдаған кәсіби кітапханашылар қызмет етуде. Бұл өз кезегінде білім беру бағдарламасының сапасын, оның еңбек нарығындағы сұранысқа ие екенін және ұлттық ақпараттық кеңістікті дамытудағы маңызды рөлін айқындайды.
Шаһризада ОТАРБАЙ,
«Кітапханалық ақпараттық жүйелер» мамандығының
1-курс докторанты
Басқа жаңалықтар