Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар — ҚазҰУ

91ý

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар

14 шілде 2026
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар

Қазіргі уақытта табиғи және техногендік қауіп-қатерлер адамзат қоғамының тұрақты дамуына елеулі әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Жер сілкінісі, сел, көшкін, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл, орман өрттері сияқты табиғи құбылыстар көптеген мемлекеттер­де үлкен материалдық шығындарға және адам шығынына әкелуде. Сонымен қатар өндірістік апаттар, радиациялық және химиялық ластану, өндірістік жарылыстар сияқты техногендік қауіптер де қоғам үшін үлкен қауіп төндіреді.

Ғалымдардың пікірінше, соңғы 100 жыл ішінде табиғи апаттардың саны айтарлықтай өскен. Егер ХХ ғасырдың басында әлемде жылына шамамен 10 ірі табиғи-техногендік апат тіркелсе, ғасырдың ортасында олар­дың саны 65-ке жеткен, ал ғасыр соңында жылына 200-ге жуық апат тіркелген. Яғни бір ғасыр ішінде табиғи апаттардың саны шамамен 20 есе артқан. Соңғы 50 жылда әлемде 11 мыңнан астам табиғи апат тірке­ліп, олардың салдарынан 8 миллионнан ас­там адам қаза тапқан. Ал ХХІ ғасырда БҰҰ мен EM-DAT (Emergency Events Database – әлемдегі табиғи және техногендік апаттар туралы ең ірі халықаралық мәліметтер ба­засы) дерекқоры бойынша 2000-2019 жыл­да­ры әлемде 7348 ірі табиғи апат тіркелген.

Табиғи апаттардың экономикалық шы­ғын­дары да өте жоғары деңгейге жетіп отыр және жыл сайын артып келеді. Табиғи апаттардан болатын экономикалық шығын­дар да жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде қауіпті та­биғи процестерден болатын орташа экономикалық шығын 150 млрд АҚШ дол­ла­рын құрайды. Сарапшылардың бол­жа­мынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Соңғы он­жылдықтарда табиғи апаттардың көбеюі­нің негізгі себептерінің бірі – жаһандық кли­мат­тың өзгеруі. Дүниежүзілік метео­ро­логиялық ұйымның мәліметтері бойынша, қазіргі жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 1,1°С-қа жоғарылаған. 

Осындай күрделі қауіптерді зерттеу және оларды басқару үшін арнайы дайын­дал­ған мамандар қажет. «Табиғи-тех­но­гендік қауіп-қатерлер» мамандығы табиғи про­цестер мен техногендік әсерлерді кешенді түрде зерттеуге бағытталған. 

Аталған мамандық бойынша білім ала­тын студенттер табиғи апаттардың пайда болу механизмдерін, қауіпті аймақтарды анық­тау әдістерін, қауіптерді бағалау тәсіл­де­рін, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын үйренеді. Оқу барысында сту­денттер мынадай пәндерді меңгереді: гео­графия, геоморфология, геология, гидро­логия, сейсмология, метеорология, эко­логия, геоақпараттық жүйелер (GIS). Со­нымен қатар заманауи ғылыми әдістерді пайдаланып, табиғи процестерді талдау, қауіпті аймақтарды картаға түсіру және қауіптерді бағалау дағдыларын меңгереді.

Бұл мамандық түлектері түрлі салаларда жұмыс істей алады: төтенше жағдайлар қызметі, ғылыми-зерттеу институттары, эко­логиялық ұйымдар, мемлекеттік басқару органдары, табиғи ресурстарды басқару мекемелері, инженерлік және сараптамалық ұйымдар. Сонымен қатар табиғи апаттар­дың алдын алу және қауіпсіздікті қам­та­масыз ету бағытында ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бар.

Мамандық бойынша білім алатын сту­денттер оқу барысында әртүрлі мемлекеттік және ғылыми мекемелерде тәжірибеден өте алады. Олардың қатарында: Алматы қала­сын­дағы Төтенше жағдайлар және апаттар қау­пін азайту орталығы, ҚР Төтенше жағ­дайлар министрлігі, «Қазгидромет», Сейс­мологиялық байқаулар және зерттеулер ғы­лыми зерттеу орталығы, «Қаз­сел­ден­қор­ғау», Орталық Азия аймақтық гляцио­ло­гиялық орталығы, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйымдар, «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ және басқа да жергілікті төтенше жағдайлар депар­та­менті мен бөлімшелері сияқты ұйымдар бар.

«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығы – табиғи процестерді терең тү­сінуге, қауіпті жағдайларды болжауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болашағы зор ғылыми бағыттардың бірі. Қазақстанда «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламасы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінде жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар бұл бағыт бойынша бакалавриаттан кейін магистратура және док­торантура деңгейінде білімін жал­ғас­тыруға мүмкіндік бар. Магистратура және докторантура бағдарламасы табиғи және табиғи-техногендік процестерді зерттеу, қоршаған ортаның жағдайын бақылау және қауіп-қатерлерді басқару саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталған. 

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқысы келетін, табиғатты зерттеуге қызығушылық танытатын талапкерлерді осы перспективалы мамандық бойынша білім алуға шақырамыз.

Әсима ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» 

мамандығының координаторы, 

 г.ғ.д., профессор