Ұлы ұстаздың өшпес ізі: профессор Жекен Мамытовтың ғылыми мектебі
Отандық география, топырақтану және агроэкология ғылымының тарихында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлға, биология ғылымының докторы, профессор Жекен Үмбетқұлұлы Мамытовтың есімі мен ол негізін қалаған іргелі ғылыми мектеп бүгінгі таңда заманауи геокеңістіктік технологиялар аясында жаңа мазмұнда жалғасын тауып келеді. Профессор Ж.Мамытов – өміршеңдігі мен стратегиялық маңызы уақыт өткен сайын артып келе жатқан Қазақстандағы Ландшафттарға бейімделген егіншілік жүйесінің (АЛСЗ) ғылыми мектебінің негізін қалаушы ірі ғалым. Ұстаздың ғылыми пайымы мен тәлімін алған шәкірттері ретінде біз бүгінде осы мектептің идеялық ізбасарлары мен ізін жалғастырушылары болып табыламыз.
Профессор Ж.Мамытовтың ең басты ғылыми аманаты – жер мен топырақтың деградацияға ұшырамай, биосферадағы табиғи қызметін толық орындауын қамтамасыз ету, топырақ құнарлылығын ұлт пен мемлекеттің стратегиялық байлығы ретінде құқықтық тұрғыдан қорғау болды.
Осы аманатқа адалдық таныту мақсатында Түлектер күнінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде топырақтануға мамандандырылған арнайы атаулы аудитория ашылды. Бұл оқу аудиториясы профессор Ж.Мамытов негізін салған ғылыми мектептің заманауи деңгейдегі тікелей және заңды жалғасы болып табылады. Арнайы аудитория аясында біз жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттардың басын қосып, топырақ құнарлылығының мониторингі, жер ресурстарының деградациялануын модельдеу және агроландшафттарды оңтайландыру бағытында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларын жаңа цифрлық форматта жүзеге асыратын боламыз.
Көпжылдық еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» (2009), «Еңбек ардагері» (1999) медальдарымен марапатталған. Топырақ құнарлылығын ұлт пен мемлекеттің байлығы деп санаған бірегей ғалымның ғылыми мұрасы мен пайымды идеялары жаңа форматтағы ғылыми-оқу орталығы арқылы еліміздің география және агроэкология ғылымының болашақ зияткерлік әлеуетін арттыруға және ұстаз салған сара жолды нық жалғастыруға қызмет ете бермек.

Ұлы ұстаздың ғалымдық бітімі мен қайраткерлік тұлғасы оның мағыналы да күрделі өмір жолынан бастау алады. Жекен Үмбетқұлұлы 1939 жылдың 9 мамырында Алматы облысы Жамбыл ауданының Қастек ауылында жылқышы әулетінің отбасында дүниеге келген. Сегіз жасына дейін қысы-жазы көшпенділердің киіз үйінде тұрып, табиғаттың тылсым сырымен ерте есейді. Әкесі 1943 жылы Отан соғысынан оралмаған соң, ол әкесінің үлкен ағалары Мамыт пен Байғарының тәрбиесінде өсті.
1948 жылы Тарғап ауылында бірінші сыныпқа барып, 1957 жылы Ұзынағаш ауданында онжылдықты бітірді. Мектепте оқушылар комитетінің төрағасы бола жүріп, ұстаздарының ықпалымен Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсті. Университет қабырғасында үздік оқып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты: курс комсомол бюросының хатшылығынан бастап, институт комсомол комитетінің бірінші хатшысына дейін сайланды. Оған сол кезде сирек берілетін «В.И.Ленин атындағы стипендия» тағайындалды.
Жекен Үмбетқұлұлының ұйымдастырушылық таланты ерте танылды. Кейіннен бүкіл Кеңес Одағына тараған дайындық курстарының (жұмысшылар факультеті) негізін қалауға мұрындық болғаны үшін 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ ол тау туризмімен белсенді айналысып, спорт шеберіне кандидат атанды және бүгінге дейін маңызын жоймаған «Алматы – Ыстықкөл» (Қастек-Сарыжазық асуы арқылы) және «Алматы – Аяққалқан» туристік маршруттарын алғашқылардың бірі болып әзірледі.
Институтты бітірген соң, Зоология кафедрасының оқытушысы болған жас маман академик М.Ғабдуллиннің ұсынысымен Қазақстанда тұңғыш рет «Педагог» тұрғын үй-құрылыс кооперативін ұйымдастырып, қарапайым халықтың пәтерлі болуына жол ашты. Осы ерен еңбегі үшін Қазақстанның КОКП ОК бірінші хатшысы Д.Қонаевтың өз қолынан алғыс хат пен ақшалай сыйлық алды.
1964 жылы ҚазКСР ҒА Топырақтану институтының аспирантурасына жіберіліп, 1968 жылы Отырар даласының топырақ микрофлорасы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ғалым Қазақстанда алғашқылардың бірі болып электрондық, фазалы-контрастық, люминесценттік микроскопия мен газды-сұйықтық хроматография әдістерін өндіріске енгізді. Оның бүкіл ғылыми ғұмыры осы Топырақтану институтымен байланысып, аспиранттан өзі құрған «Топырақ биохимиясы» зертханасының меңгерушісіне дейінгі даңқты жолдан өтті.
1993 жылы Мәскеу қаласында «Қазақстанның күріш өсірілетін топырақтарының, суаратын суларының сілтілігі және оны реттеу әдістері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, аридті аймақтардың топырақтарындағы тұздану мен сілті түзілу процестерінің табиғатын ашып, классикалық тұжырымдарға үлкен ғылыми түзетулер енгізді.
Ғалымның В.А.Ковда, Е.Н.Мишустин, Н.П.Панов секілді КСРО-ның әлемге әйгілі академиктерімен достық қарым-қатынаста болуы оның ғылыми салмағын көрсетеді. Ол Мәскеу мемлекеттік университеті мен К.Тимирязев академиясында, сондай-ақ Қытайдың Харбин университетінде дәріс оқуға шақырылды. 1996-2000 жылдары Қытай ғылым академиясы жанындағы «Жасыл индустрия» мемлекеттік-коммерциялық ҒЗИ директоры қызметін атқарып, қытай тілінде іргелі монография жариялады.

Профессор Ж.Мамытовтың жетекшілігімен ұсынылған «Күріш дақылы өсірілетін сілтілі-тұздалған топырақтарды игерудің жаңа технологиясы (НТОЗ)» әлемдік тәжірибеде төңкеріс жасады. Топырақтағы тұздарды жылдап жуып-шаймай-ақ, игерудің бірінші жылында-ақ жоспарлы өнім алуға мүмкіндік беретін бұл әдіс Қазақстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан аумақтарында 100 мың гектардан астам алқапқа енгізіліп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Бұл үрдіс кейіннен шәкірттері арқылы наноагромелиоративтік әдістерге ұласып, еліміздің бірнеше облысында кеңінен қолданыс тапты.
Ұстаздың ғылыми қағидаттары тек дәстүрлі топырақ биохимиясымен шектелмей, аумақтық талдау мен агроэкологиялық бағалау үдерістеріне жаңа әдістемелік көзқарастар әкелді. Ол 200-ден астам ғылыми жарияланымның, 5 монография мен 16 авторлық куәліктің (патенттердің) иегері атанды.
2001 жылы Жекен Үмбетқұлұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға профессорлық қызметке шақырылып, өмірінің соңына дейін жас буынға дәріс оқыды. Ол университетке ауысқаннан кейін студенттерді 1-2 курстан бастап ғылыми жұмысқа баулудың және бакалавриаттан PhD докторантура деңгейіне дейінгі үздіксіз ғылыми жетекшілік етудің өзіндік мектебін қалыптастырды. Оның жетекшілігімен 14 кандидаттық және 2 докторлық диссертация қорғалды. Осы жүйелі тәрбиенің нәтижесінде даярланған А.Асылбекова, Е.Кәкімжанов, Ө.Тәукебаев, Г.Исанова, Д.Шоқпарова, К.Темірбаева, Ш.Лайсханов секілді шәкірттері бүгінде ұстаз салған сара жолды нық жалғастырып келеді.

Бүгінгі таңда ұстаз негізін салған ландшафттарға бейімделген егіншілік жүйесі біздің ғылыми ізденістерімізде одан әрі тереңдетіліп, заманауи радарлық және оптикалық спутниктік мәліметтерді өңдеу, вегетациялық индекстерді есептеу және машиналық оқыту алгоритмдері негізінде Жерді қашықтан зондтау және кеңістіктік модельдеу әдістерімен байытылды. Жерді қашықтан зондтаудың осы озық құралдары агроландшафттардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бағалауға және топырақ ресурстарын цифрлық картографиялауға жаңа серпін берді.
Жекен Үмбетқұлұлы отбасының барлық мүшелері топырақты зерттеумен айналысатынын мақтанышпен атап өтуге болады. Оның жұбайы, қызметтес серігі Ахан Тілеубекқызы дарынды топырақ зерттеуші-химик, доцент болды. Бүгінде ұлы Қанат аграрлық саладағы ғылыми-өндірістік кәсіпорынды басқарса, қызы Анар – экология магистрі, жобалау фирмасының бас директоры. Ал немерелері Ален, Шахназар және Ерназар спорт саласында ел намысын қорғап жүрген дарынды жастар.
Айжан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,
Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор