ылыми жұмыс – ұзақ қашықтықтағы марафон сияқты
Маржан Тұрсынғали – отандық ғылымның жаңа толқынының жарқын өкілі. 27 жасында диссертациясын сәтті қорғап, PhD докторы дәрежесін иеленген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалым. Оның білім жолы нағыз сабақтастықтың үлгісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында бакалавриат, магистратура және докторантура сатыларын «Гидрология» білім беру бағдарламаcы бойынша үздіксіз әрі жемісті тамамдаған.
– Сіз гидрология саласында білім алып, ғылыми жолды жалғастыру туралы нақты шешімді қашан қабылдадыңыз?
– 2016 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетіне түсуді жоспарлап, мамандық таңдау бойынша кеңес алып, техникалық және гуманитарлық бағыттарды ұштастыратын саланы іздедім. Сол тұста «Гидрология» мамандығы ұсынылып, бұл сала су объектілерін зерттеумен ғана шектелмей, өлшеу, талдау, модельдеу және басқару шешімдерін ғылыми негіздеумен байланысты екені түсіндірілді.
Ал ғылым жолын таңдауыма бакалавриаттағы алғашқы далалық тәжірибелерге қатысу, өзен жүйесін теориялық тұрғыда ғана емес, нақты кеңістікте түсіну ықпал етті. Уақыт өте келе гидрологияның әлеуетін, оның су қауіпсіздігі, табиғи қауіп-қатерлер, антропогендік жүктеменің күшеюі, климаттық өзгерістер сияқты мәселелердің түйінін шешудегі рөлін айқын сезіндім. Сол себепті бакалавриаттан кейін магистратурада, одан әрі докторантурада осы бағытта үздіксіз білім алып, таңдалған зерттеу тақырыбын тереңдетуді мақсат етіп қойдым.
– Докторантураны жоспарланған мерзімде сәтті аяқтауыңыздың себебі неде?
– Оған бірнеше жүйелі факторлар әсер етті. Біріншіден, бекітілген жеке оқу жоспарына сай, білікті отандық ғылыми жетекшімен тұрақты жұмыс нәтиженің негізгі өзегі болды. Зерттеу жоспары алғашқы күндерден-ақ нақты міндеттерге бөлініп, семестрлік аттестаттау талаптарының уақтылы орындалуына ықпал етті. Әр кезеңнің нәтижесін алдын ала бекітіп отыру (мәліметтерді жинау, өңдеу, талдау, интерпретациялау, ғылыми мәтінді қалыптастыру) уақтылы қорғауға жол ашты. Екіншіден, мен докторантураға бакалавриат пен магистратурада қалыптасқан ғылыми іргетаспен келдім деуіме болады: әдіснамалық түсінік, мәліметтермен жұмыс істеу қағидаттары, ғылыми мәтін жазу тәжірибесі орныққан болатын. Үшіншіден, кафедра мен факультет тарапынан ұйымдастырушылық-академиялық қолдау да маңызды: ғылыми семинарлар, талқылаулар, кеңес беру және рәсімдеу процестерінің реттілігі уақытты жоғалтпай, жұмысты бір арнада ұстауға көмектесті. Нәтижесінде докторантурада білім алудың аяқталған жылында (2025 ж.) диссертациялық жұмысты сәтті қорғап, PhD дәрежесін алдым.
– ылыми зерттеу жүргізу барысында ең көп қиындық тудырған факторларды атай аласыз ба?
– Ең көп қиындық туғызғаны – зерттеу объектісінің күрделілігіне сай сапалы бастапқы мәліметтерді табу және оларды біріздендіру болды. Іле Алатауының кіші таулы өзендерін (Қаскелең, Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Талғар, Есік, Түрген) қашықтықтан зондтау мәліметтері арқылы талдау зерттеу міндеттерінің бірі ретінде қойылған болатын. Мұндай өзендердің арнасы тар әрі терең, динамикасы жоғары, ал қалалық аумақтарға жақындаған сайын ондағы антропогендік жүктеме күшейе түседі. Сондықтан арнаның морфологиялық өзгерістерін сипаттауға мүмкіндік беретін кеңістіктік кескінделу мүмкіндігі жоғары суреттерді таңдау, бұлттылық/түсіру бұрышы және т.б. факторларды есепке ала отырып өңдеу біршама уақытты талап етті.
Философия докторы дәрежесіне іздену жолында кездескен қиындықтардың барлығы мен үшін уақытша сипатқа ие кедергілер. Себебі ғылыми зерттеу – дайын жол емес, ізденіс барысында біртіндеп айқындалатын бағыт. Кей сәттерде мәліметтерге қол жеткізу немесе оны өңдеу жоспарланған уақыттан ұзаққа созылса да, мақсатты нақты сақтап, жүйелі түрде әрекет еткен кезде кез келген түйіннің шешімі табылады: бірде қосымша мәлімет көздеріне қол жеткізу мүмкін болады, бірде өңдеу тәсілі оңтайланады, кейде мәселені басқа қырынан қарау жаңа мүмкіндікке жол ашады. Сондықтан ең маңыздысы – ғылыми тежеліске бой алдырмай, тұрақты еңбек пен табандылықты сақтап, әр кедергіні оң тәжірибе ретінде қабылдай білу.
– Диссертациялық жұмысыңызда зерттеген тақырыптың қазіргі ғылыми және практикалық маңызы неде?
– Диссертациялық жұмыс «Іле Алатауы өзендерінің эрозиялық-арналық жүйелеріне қоршаған орта өзгерістерінің ықпалын зерттеу» тақырыбында орындалды. Бұл жұмыстың өзектілігі – зерттелген өзендердің бір бөлігі қалалық және қала маңындағы аумақтар арқылы ағып өтетіндігімен байланысты. Қалалық аумақтардың алып жатқан аудандарының кеңеюі барысында арна мен жайылманың табиғи режимі өзгеріп, жағалауларды бекіту, арналарды қалыптандыру, су әкету және кәріз жүйелерін орнату сияқты шешімдерде ғылыми негізделген нәтижелер аса қажет болады.
ылыми тұрғыдан алғанда, эрозиялық-арналық жүйелердің уақыт пен кеңістік бойынша трансформациясын ГАЖ және қашықтықтан зондтау мәліметтері негізінде бағалау – гидрология саласы үшін қазіргі таңдағы маңызды бағыттардың бірі. Практикалық тұрғыдан алғанда, арналық өзгерістерді түсіну мен болжау қалалық аумақтардың қауіпсіз дамуына, су ресурстарын тиімді пайдалану мен басқаруға, табиғи қауіп-қатерлерге (жағалау эрозиясы, арна тұрақсыздығы, су тасқыны қаупі) бейімделуге нақты негіз береді.

– PhD докторантурасы сізге кәсіби жағынан ғана емес, тұлға ретінде бойыңызда қандай қасиеттерді қалыптастырды?
– Бұл академиялық кезең мені ең алдымен тәртіпке, табандылыққа және қол жеткізілген әр нәтижеге жауапкершілікті алуға үйретті. ылыми жұмыс – ұзақ қашықтыққа бағытталған марафон сияқты: кейде нәтиже бірден көрінбейді, бірақ тұрақты еңбек етуді қажет етеді.
Тұлғалық тұрғыда менде шыдамдылық, сынды қабылдай білу және мұндай кері байланысты жаңа мүмкіндіктің көзі ретінде көру, уақытты басқару және оны ұтымды пайдалануға басымдық қою, әр сәтсіздікті тәжірибе ретінде қабылдап, қайта әрекет ету сияқты қасиеттер күшейді. Ең бастысы – ғылыми дәлдік пен академиялық адалдықты ішкі қағида ретінде ұстану қалыптасты.
– ылыми зерттеу барысында күтпеген нәтиже немесе сәтсіздікті қалай шештіңіз?
– Түрлі сәтсіздіктер мен теріс нәтижелерге тап болған сәттерде мен оларды қателік ретінде емес, зерттеу барысындағы маңызды белгі ретінде қабылдадым: мәселе бастапқы мәліметтерде ме, әлде таңдалған әдісте ме?
Іс жүзінде мұндай мәселелерді шешуге мына қадамдар көмектесті: алдымен ғылыми жетекшімен қалыптасқан жағдайды жан-жақты талқылап, ықтимал себептерді нақтылау; бастапқы мәліметтерді қайта тексеру (сапасы, толықтығы, уақыттық сәйкестігі, өлшем бірліктері мен кеңістіктік дәлділігі); қажет болған жағдайда параметрлерді түзетіп, балама әдістерді сынау арқылы нәтижені салыстыру. Сонымен бірге зерттеу қарқынын бәсеңдетіп алмау үшін жұмысты мүлде тоқтатпай, диссертацияның басқа міндеттеріне фокусты уақытша ауыстыру да тиімді болды: бұл уақытты ұтымды пайдалануға, әрі мәселеге кейін жаңа көзқараспен қайта оралуға мүмкіндік берді.
– ылым жолына түскен жас зерттеушілер жиі жіберетін қателік қандай?
– Жиі кездесетін қателіктердің бірнешеуін атауға болады: тақырыпты тым ауқымды алу – мақсат бұлыңғырланып, шашыраңқы нәтижеге қол жеткізу ықтималдығы жоғары; әдісті мақсаттан бұрын таңдау – «мынадай тәсіл бар екен» деп, зерттеу логикасын соған икемдеу; бастапқы мәлімет сапасын бағаламау – сапасыз мәлімет ең мықты әдісті де әлсіретеді; уақытты жоспарламау – әсіресе ғылыми жарияланым мерзімін ескермей қалдыру; кері байланысты елемеу немесе керісінше, сыннан қорқып тоқтап қалу. Бұл қателіктерге бой алдыру қалыпты құбылыс, бірақ ерте түзетсе ғылыми жол әлдеқайда жеңіл әрі тиімді болады.
– Гидрология саласына енді қадам басып жатқан студенттер мен жас мамандарға қандай кәсіби және академиялық кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен ғылыми-теориялық іргетасты берік қылуды ұсынар едім: гидрология саласындағы негізгі ұғымдар, қағидаттар – кейінгі барлық тақырыптық жұмыстардың тірегі. Екіншіден, мәліметтермен жұмыс істеу мәдениетін ерте қалыптастыру: өлшеу мен мәлімет сапасы, кеңістіктік мәліметтердің дәлдігі, қателік көздері мен белгісіздікті бағалау – кәсібиліктің басты өлшемі. Үшіншіден, цифрлық технологияларды игеру: ГАЖ, қашықтықтан зондтау, мәліметтерді өңдеуді автоматтандыру. Бұл ғылымға қадам басушының мүмкіндігін кеңейтеді әрі еңбек нарығында да, ғылымда да бәсекеге қабілетті етеді. Төртіншіден, ғылыми жазуды дамыту: ойды жүйелеу, дәлелді мәтін құру, нәтижені түсінікті беру – нағыз зерттеушінің маңызды дағдысы.
Қорытындылай келе айтарым, гидрология – қоғамға тікелей қызмет ететін сала. Су қауіпсіздігі, табиғи қауіп-қатерлер мен тұрақты даму мәселелерінде сіздің біліміңіз нақты шешімдерге әсер етеді. Сондықтан қызығушылықпен бірге, жауапкершілікті қатар ұстауды кеңес беремін.
Диана ЕРЛАН,
география және
табиғатты пайдалану факультетінің студенттік ғылыми қоғамының
төрайымы
Басқа жаңалықтар