ҚазҰУ-да шахматтан ЖОО арасындағы FIDE командалық әлем чемпионаты басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орындары арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
4-9 тамыз аралығында өтетін турнирге 16 университет командасы қатысуда. Олардың қатарында көпғасырлық академиялық тарихы мен бай шахмат дәстүрі қалыптасқан Оксфорд, Кембридж және Гарвард оқу ордасы бар. Қазақстанның намысын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық спорт университеті мен Almaty Management университетінің студенттері қорғайды.

Ашылу рәсіміне ҚР ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов, FIDE халықаралық шахмат федерациясының бас хатшысы Лукаш Турлей, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, белгілі шахматшылар, БАҚ өкілдері мен блогерлер жиналды.
Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы бейнеүндеу жолдап, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінде Қазақстан әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының атынан келген үздік жас шахматшылар бас қосатын маңызды алаңға айналып отыр. Бұл чемпионат тек жүлде үшін өтетін жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, білім бөлісуге, университеттер арасындағы байланысты нығайтуға және мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға серпін береді», – деді Аида Балаева.

ҚР ылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың маңызды білім беру құралы екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстанда педагог кадрларды даярлау бағытында нақты нәтижелер бар. Бес педагогикалық жоғары оқу орнының 200-ден астам студенті «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алды, ал 31 жоғары оқу орнында шахматтық білім беруге арналған пәндер енгізілген білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

«Шахмат – тек зияткерлік ойын ғана емес, сонымен қатар сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілікті және стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан біз үшін шахматтық білім беруді оқу үдерісіне кәсіби деңгейде енгізе алатын педагог кадрларды даярлау аса маңызды. Бұл – педагогикалық білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен бірге еліміздің адами капиталы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға қосылған маңызды үлес», – деді Саясат Нұрбек.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев әлем чемпионатының университет қабырғасында өтуі ҚазҰУ үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шахмат – біздің елімізде жай ғана спорт түрі емес, ол интеллектуалдық мәдениеттің, тәрбие мен білімнің маңызды құрамдас бөлігі», – деп атап өткен болатын. Бұл ой бүгінгі чемпионаттың мәні мен маңызын терең айқындайды. Бүгін ҚазҰУ-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Грекия, Чили, Индонезия, Ресей, Аустралия және Оңтүстік Африка Республикасының жетекші жоғары оқу орындары бір алаңда бас қосып отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Алматыда турнир өткізу Қазақстанның және ұлттық федерацияның әлемдік беделін айқындайтынын алға тартты.
«Тарихтан білетініміздей, шахмат Үндістанда пайда болып, Парсыда дамып, әлемге көптеген сауда жолдары арқылы тарады. Сол жолдардың бірі дәл осы Алматы тауларының етегінен өткен. Бір жарым мың жылдан кейін бұл ойын кезінде бастау алған жеріне қайта оралды. Бүгінде дәл Қазақстан мен Алматының осы тарихи кезеңді қабылдауы еліміздің және біздің федерациямыздың қуатын айқын көрсетеді. Қазақстан шахмат федерациясы әлемдік шахматтың жетекші қозғаушы күштерінің біріне айналды»,– деді Тимур Турлов.

Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі аясында Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы турнир де бастау алды.
Шараны ұйымдастырушылар: Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР ылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Freedom компаниялар тобы және Lichess.org.









Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар