ҚазҰУ базасында «AI for Energy» орталығы құрылады — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ базасында «AI for Energy» орталығы құрылады

5 тамыз 2026
ҚазҰУ базасында «AI for Energy» орталығы құрылады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми делегациясы Астанада өткен отын-энергетика саласындағы жасанды интеллект технологияларына арналған «AI for Energy» халықаралық семинар-тренингіне қатысты. 

Ауқымды жиын барысында ҚазҰУ, ҚР Энергетика министрлігі мен «01.AI» компаниясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ жетекші университет базасында «AI for Energy» ғылыми-тәжірибелік орталығын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

ҚР Энергетика министрлігі ұйымдастырған бұл салалық жиынға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, энергетика кәсіпорындарының, сарапшылар қауымдастығының және халықаралық серіктестердің өкілдері қатысып, жалпы саны 300-ден астам ұйым қамтылды.

Шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов бастаған оқу орнының жетекші ғалымдары мен факультет басшылары таныстырды. ҚазҰУ өкілдері энергетика саласына жасанды интеллектті енгізу бойынша бастамалар көтеріп, университеттің ғылыми-тәжірибелік базасын тиімді пайдалану ұсыныстарын жеткізді.

Семинарда  жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, 01.AI компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі доктор Кай-Фу Ли сөз сөйледі. Ол мемлекеттік басқару мен энергетика секторында ЖИ технологияларын енгізудің халықаралық тәжірибесі мен жаһандық трендтері туралы баяндама жасады.

Бағдарлама аясында қатысушылар энергетиканы цифрлық трансформациялау, ЖИ дамытудағы саланың рөлі және технологиялық өзгерістер жағдайында тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау мәселелерін талқылады. 

ҚР Энергетика министрлігі, 01.AI компаниясы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында жасалған үшжақты меморандум цифрлық трансформацияны дамытуға, салаға арналған білікті кадрлар даярлауға және ЖИ технологияларын практикалық қолданысқа енгізуге бағытталған.

Ал ҚазҰУ базасында құрылатын жаңа орталық еліміздің отын-энергетика кешеніне озық жасанды интеллект технологияларын енгізуді жүзеге асырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі