Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығын іске асыру мақсатында «Зерделі ұлт болашағы – кітапта» тақырыбында әдеби-танымдық мәжіліс өтті. Іс-шараның мақсаты – студенттің кітап оқу, талдау дағдысын дамыту, көркем әдебиетті оқыту, насихаттау, шығармашылық қабілетін арттыру. Кешке Абай ҒЗИ базасында жұмысын жандандырған Әуезов әдеби бірлестігінің мүшелері, филология, журналистика, ақпараттық технологиялар факультеттерінің студенттері қатысты.
Мәжіліс барысында оқытушылар, студенттер және кітапсүйер қауым бас қосып, кітаптың рухани даму мен ұлттық сананы қалыптастырудағы орны туралы ой бөлісті. Іс-шараны жүргізуші студенттер кітаптың адамзат өркениетіндегі ерекше рөліне тоқталды.
Әдеби жиын бірнеше бөлімді қамтыды, алдын ала берілген тапсырмалар бойынша төрт топ өз жобаларын қорғады. Бірінші топ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт туралы жарлығының мазмұнын талдады. Президент атап көрсеткен зерделі ұлт қалыптастыру жолында атқарылатын шаралар қатысушылар арасында кеңінен таныстырылды.
Екінші топ студенттері белгілі тұлғалардың кітап туралы афоризмдерін оқып, кітаптың адамның дүниетанымын кеңейтудегі маңызын атап өтті. Үшінші топ цифрлық қоғамдағы жастардың кітап оқуға қызығушылығын қалай арттыру мәселесін қозғап, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың ең тиімді жолдарын ұсынды. Әлеуметтік желіні тиімді пайдалану, кітап шолуы, подкастар, әдеби кездесулер өткізу және ашық талқылаулар жүргізу сияқты ұсыныстар айтылды. Студенттер өз ойларын ортаға салып, кітапқа деген қызығушылықты арттыру бағытында нақты бастамалар мен әдістерді атады.
Төртінші топ нақты әдеби шығармаларға талдау жасады. Алдымен жазушы Шерхан Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі» әңгімесі таныстырылып, соғыстың адам тағдырына тигізген әсері, ананың қайсар бейнесі мен адамгершілік құндылық жайында кеңінен сөз болды. Сондай-ақ биыл туғанына 80 жыл толып отырған талантты ақын Кеңшілік Мырзабековтің «Туыс қан» балладасының мазмұны мен мәні, шығармадағы ұлттық құндылықтар, туыстық байланыс және рухани сабақтастық мәселелері талданды.
.jpg)
Шығарма талдау барысында студенттерге академик Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» монографиялық зерттеуіндегі әдеби талдау әдістемесі, атап айтқанда көркем шығарма желісі бойынша бес сұрақ және оның жауаптарын табу арқылы талдау тәсілі қолданылды. Екі туындының да көркемдік-стильдік ерекшелігі нақты мәтіндер негізінде талданды. Студенттер алдын ала берілген мәтін үзінділері бойынша талдау жасап, сұрақтарға жауап берді.
Кештің қорытынды бөлімінде әдебиет пен кітаптың рухани бай, білімді ұрпақ, жалпы, зерделі ұлт тәрбиелеудегі маңызы зор екені атап өтілді. Сонымен қатар Әуезов әдеби бірлестігінің бір жылдық жұмысына қорытынды жасалып, белсенді қатысушыларға алғыс хат тапсырылды. Әуезов бірлестігі мүшелеріне жазғы каникулда оқитын кітаптар тізімі ұсынылды. «Зерделі ұлт болашағы – кітапта» атты қорытынды мәжіліс студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін насихаттауға, осылайша ұлттық танымы мен зердесін дамытуға бағытталған тағылымды әрі мазмұнды кездесу болды.
Ләйла ЖҰМАТАЙҚЫЗЫ,
Бибігүл ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
Абай ҒЗИ оқытушылары
Басқа жаңалықтар