Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен балалар үшін тең, қолжетімді және қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды әлеуметтік реформалар жүйелі түрде іске асырылуда.
2021 жылы алғаш рет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, олардың құқығын қорғауға және мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған заңнамалық базаны айтарлықтай нығайтты. Мемлекет инклюзивті білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде оқыту үшін жағдай жасау кепілдіктерін бекітті, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және білім беру қажеттіліктерін бағалау тетіктері енгізілді.
Осы тұрғыда 2026 жылдың маусым айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтымен бірге университеттің оқытушы-профессорлар құрамына «Инклюзивті білім беру: теориясы мен практикасы» атты біліктілікті арттыру курсын қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта ұсынып, өткізген курстың маңызы ерекше зор.
Қазақ тобының тренері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, PhD Қырмызы Жұмабекова болды.
Курстың міндеті – жоғары оқу орындарының алдында инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру, студенттердің алуантүрлілігін ескеретін оқыту әдістемелерін енгізу, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру.
Бұл біліктілікті арттыру курсының дәріс және практикалық сабақтарында инклюзивті білім беру ұстанымдарына, заңнамалық және әдістемелік негіздеріне, педагогикалық-психологиялық аспектілеріне терең талдау жүргізілді. Курс тыңдаушылары оқу бағдарламаларын бейімдеу, саралап оқыту, білім беру ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттермен тиімді қарым-қатынас орнату бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Ұсынылған курс оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби-педагогикалық қызметін заманауи талаптарға сай жетілдіруге зор мүмкіндік берді және осындай курстарды ұйымдастыру білім алушылардың барлығына тең жағдай жасауға негіз болатын инклюзивті білім беру ортасын дамытуға өз үлесін қосады.
Жәния ЕШОВА,
Физикалық химия,
катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар