ҚазҰУ-ға түскен грант иегерлері анықталды
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы бойынша 3500-ге жуық талапкер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу үшін мемлекеттік грант иегері атанды.
Ең көп грант келесі білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалды: «Жер туралы ғылым» – 499 грант, «Биологиялық және сабақтас ғылымдар» – 430, «Кадастр және жерге орналастыру» – 219, «Химиялық инженерия және процестер» – 183, «Математика және статистика» – 168, «Ақпараттық технологиялар» – 165 және «Химия» – 136 грант.
ҰБТ нәтижелері ұсынылған грант иегерлерінің орташа балы 102 балды құрады. 84 талапкер 130 және одан жоғары балл жинаса, оның ішінде 22 талапкер 135 және одан жоғары нәтиже көрсетті. Ауылдық квота аясында 154 талапкер мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды.
2026 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін республика бойынша 127 мыңнан астам өтініш берілді. Талапкерлер арасында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік өңдеу және құрылыс салалары», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары жоғары сұранысқа ие болды.
Мемлекеттік білім беру грантының иегерлері 2026 жылғы 25 тамызға дейін қажетті құжаттарды тапсырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қабылдау рәсімінен өтуі қажет.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін құттықтап, болашақ студенттерге оқуда табыс және алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдіреді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар