ҚазҰУ Орталық Азияда тұңғыш рет «Esri» марапатына ие болды — ҚазҰУ

91ý

ҚазҰУ Орталық Азияда тұңғыш рет «Esri» марапатына ие болды

7 тамыз 2026
ҚазҰУ Орталық Азияда тұңғыш рет «Esri» марапатына ие болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті географиялық ақпараттық жүйелер технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы – «Esri» компаниясының Special Achievement in GIS (SAG Award) беделді марапатын иеленді.

 Бұл жоғары марапатқа Орталық Азия аймағындағы университеттер арасынан ҚазҰУ бірінші болып қол жеткізіп отыр.Әлемдік деңгейдегі бұл жетістік оқу ордасының картографиялау мен кеңістіктік аналитикаға арналған бағдарламалық өнімдерді инновациялық тұрғыда тиімді пайдалана білгені, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы көшбасшылық қасиеті үшін берілді. Бүгінде университет ГАЖ, Жерді қашықтан зондтау және жоғары өнімді есептеулерді тоғыстырған қуатты геокеңістіктік экожүйені қалыптастырған. Сонымен қатар мұнда ArcGIS Enterprise және ArcGIS Online платформаларын қамтитын корпоративтік деңгейдегі ГАЖ-инфрақұрылым сәтті енгізілді.

Бұл заманауи шешімдер климаттық тәуекелдерді зерттеу, жер деградациясымен күресу, табиғи қауіптерді модельдеу сияқты маңызды бағыттарда пәнаралық зерттеулерді жаңа сапалы деңгейге көтеруге жол ашады. Сонымен бірге ұлттық ауқымдағы кеңістіктік талдаулар үшін озық GeoAI (геокеңістіктік жасанды интеллект) тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. «Esri» және «Data+ International» компанияларымен серіктестік орнатқан ҚазҰУ бүгінде өңірдегі кадр даярлау, білім беру және қолданбалы геокеңістіктік инновациялар бағытындағы әлеуетін еселей түсті.

«Бұл марапатты алу – ұлттық және өңірлік міндеттерді шешу үшін геокеңістіктік технологияларды, жасанды интеллект пен ғылыми зерттеулерді интеграциялауға деген стратегиялық ұстанымымыздың көрінісі. Бұл жетістік ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы ГАЖ-ды дамыту бойынша жетекші платформа ретіндегі рөлін айқындайды. Заманауи есептеу инфрақұрылымын, геокеңістіктік деректер мен пәнаралық сараптаманы біріктіре отырып, біз тұрақты даму мен экологиялық мониторингке арналған ауқымдалатын шешімдер қалыптастырып келеміз», – деді Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Тәукебаев.

Айта кетейік, 1998 жылдан бері беріліп келе жатқан SAG Award марапаты салалық өзекті мәселелерді шешу жолында деректерге сүйеніп, заңдылықтар мен үрдістерді анықтауда ГАЖ технологияларын үздік қолданған әлемдегі маңдайалды ұйымдарға ғана жыл сайын табысталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі