Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Алтай археологиялық экспедициясының далалық зерттеулері — ҚазҰУ

91ý

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Алтай археологиялық экспедициясының далалық зерттеулері

11 тамыз 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Алтай археологиялық экспедициясының далалық зерттеулері

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Алтай археологиялық экспедициясы археологиялық ескерткіштер мен табиғи ортаның тарихи өзгерістерін кешенді зерттеуге бағытталған далалық жұмыстар жүргізуде. Зерттеу жұмыстары Тұрақты даму мақсатының ТДМ 11 – Тұрақты қалалар мен елді мекендер, соның ішінде мәдени және табиғи мұраны қорғау бағытымен сабақтас.

Экспедицияның басты міндеті – Оңтүстік Алтай мен Марқакөл маңындағы тауаралық қазаншұңқырларда орналасқан археологиялық нысандарды анықтау, құжаттандыру және зерттеу, сондай-ақ олардың қалыптасуы мен қызмет ету жағдайларын табиғи-ландшафтық үдерістермен байланыстыра қарастыру.

Далалық зерттеулер бірнеше бағытта ұйымдастырылған:

  • Тосқайың ауылы маңындағы Саты жерлеу-ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезеңде кейінгі сақ дәуірінің б.з.д. V–III ғасырларға жататын Пазырық мәдениетінің екі қорғаны зерттеліп жатыр;

  • Қарақаба өзені аңғары мен оның маңындағы аумақтарда археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, бұрын белгісіз болуы мүмкін нысандарды анықтау және ескерткіштер туралы бастапқы деректер жинақталуда;

  • Бұғымүйіз, Тосқайың және Балықтыбұлақ ауылдары маңындағы археологиялық нысандар зерттелуде;

  • тас дәуірі тұрағы мен қола дәуірінің ғибадатханасында мәдени қабаттардың ерекшеліктерін анықтау мақсатында шағын көлемді зерттеу жұмыстары жүргізілді;

  • археологиялық ландшафттарды тіркеу мен құжаттандыруда әуе фотограмметриясы материалдары пайдаланылуда.

Экспедицияның маңызды ғылыми бағыттарының бірі – Марқакөл көлінің түптік шөгінділерін зерттеу. Зерттеу барысында көл түбінен алынған керндер өңірдің табиғи ортасында болған ұзақ мерзімді өзгерістерді анықтауға мүмкіндік беретін дереккөз ретінде қарастырылуда. Бұл материалдар арқылы өткен кезеңдердегі климаттық және табиғи үдерістердің динамикасын реконструкциялау көзделеді.

Зерттеуге халықаралық мамандар да тартылған. Ресей ылым академиясы Сібір бөлімшесінің Археология және этнография институтының PaleoData зертханасының мамандары Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қолдауымен көл шөгінділерін зерттеуге қатысуда. Германиядағы Берлиннің Еркін университетінің маманы Кристиан Лейпе өңірдің археологиялық ескерткіштерін зерттеуде заманауи археоботаникалық тәсілдерді қолдану мүмкіндіктерін бағалауда.

Экспедиция жұмыстары археологиялық мұраны ғылыми тұрғыдан құжаттандырумен қатар, өткен қоғамдардың табиғи ортамен өзара байланысын анықтауға, тарихи ландшафттардың өзгеруін түсіндіруге және аймақтың мәдени мұрасын сақтауға қажетті ғылыми деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Далалық зерттеулерге ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының қызметкерлері, бейінді ғылыми ұйымдардың мамандары және Тарих факультетінің археология мамандығының студенттері қатысуда. Осылайша экспедиция аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен студенттердің оқу-далалық тәжірибесі қатар жүзеге асырылуда.

Зерттеулер тарих ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ Археология және антропология институтының директоры, Археология, этнология және музеология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ғани Қалиханұлы Омаровтың жетекшілігімен жүргізілуде.

Жоба Қазақстан Республикасы ылым және жоғары білім министрлігі ылым комитетінің AP26100595 «Марқакөл қазаншұңқырының археологиялық ескерткіштері мен мәдени мұрасы: пәнаралық және кешенді зерттеу» ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылуда.