ҚазҰУ-да Абай мұрасын зерттеудің жаңа ғылыми бағыттары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай, «Адамзаттың Абайы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті.
ылыми басқосу ұлы ақынның рухани мұрасын жан-жақты зерделеу, Абай ілімінің адамзат өркениетіндегі орнын айқындау және оның шығармашылығын заманауи ғылым мен білім кеңістігінде дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараны ҚазҰУ базасындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасы бірлесіп өткізді.

Халықаралық мәжіліске ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов, Абай ҒЗИ директоры Жанғара Дәдебаев, ф.ғ.д., профессор Қансейіт Әбдезұлы, «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, отандық абайтанушылармен қатар, Әзірбайжан, Иран және өзге де мемлекеттерден келген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.

Мәжілісті ашқан проректор Марғұлан Ибраимов Абай мұрасын зерттеудің университет ғылымы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. «Абай институтында орындалған ғылыми нәтижелер мен интеллектуалдық өнімдердің барлығы – біздің университетіміз үшін ғана емес, жалпы, гуманитарлық ғылымдар саласы үшін мақтаныш етерлік ғылыми табыс. Абайдың адамгершілік, білім, ғылым, еңбек және кемелдік туралы ойлары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі жасанды интеллект пен цифрлық ресурстар қарқынды дамып жатқан дәуірде Абайдың ілімі мен шығармашылық мұрасын білім және ғылым саласында барынша тиімді пайдалануға болады. Ұлы ойшылдың еңбектерін заманауи технологиялар арқылы зерттеу, жүйелеу, цифрландыру және кеңінен насихаттау ұлттық ғылыми кеңістіктің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі», – деді проректор.

Өз кезегінде Жанғара Дәдебаев институттың ағымдағы жылы атқарған ауқымды жұмыстары мен ғылыми нәтижелерін баяндап, Абайдың білім беру жүйесіне қатысты көзқарастарын негізге ала отырып арнайы әзірленген «Абай таксономиясын» таныстырды. Ғалымның айтуынша, Абайдың білім концепциясында адамның танымдық әрекеттері белгілі бір жүйе мен сабақтастыққа негізделеді. Осы жүйені қазіргі білім беру үдерісіне енгізу – ұлы ойшылдың педагогикалық және философиялық мұрасын заманауи білім кеңістігімен ұштастырудың маңызды тетігі.

«Абайдың білім концепциясында әр қырынан негізделген танымдық әрекеттердің иерархиялық жүйесін бұзбай, өзгертпей қабылдап, білім беру, оқу үдерісіне енгізудің үлкен әлеуметтік маңызы бар. Абайдың осы иерархиялық жүйесін біз «Абай таксономиясы» деп атаймыз. Яғни талап ету, қабылдау, білу, түсіну, есте сақтау, кейін қолдану секілді танымдық әрекеттер бір-бірімен сабақтасып, білімді меңгерудің тұтас жүйесін қалыптастырады», – деді профессор.

Халықаралық мәжіліс барысында отандық және шетелдік ғалымдар Абай шығармашылығына қатысты өзекті ғылыми тұжырымдарын ортаға салып, абайтанудың қазіргі даму үрдістері жөнінде пікір алысты. Әсіресе Абайдың адамзаттық ойлау жүйесіне қосқан үлесі, оның шығармаларындағы жалпыадамзаттық құндылықтар, шығыс пен батыс өркениеттерінің сабақтастығы және ақын мұрасының әлемдік ғылыми кеңістіктегі орны кеңінен сөз болды.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар