ылыми зертханалардың жұмысын жандандыру тапсырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен ылыми-техникалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға факультет декандары, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен жас зерттеушілер жиналды.
Іс-шарада оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.

Алдымен ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов баяндама жасады. Өз сөзінде проректор доценттер мен профессор-зерттеушілердің индикативтік жоспарын орындау қорытындыларына тоқталып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды. Баяндамашы ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі көрсеткіштеріне талдау жасап, алдағы уақытта орындалуы тиіс міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ Марғұлан Ибраимов диссертациялық жұмыстарды қорғау мәселелеріне тоқталды. Осы бағыттағы өзгерістерді таныстырып, диссертациялық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар жөнінде ақпарат берді.

Жиын барысында ылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Тастамбектің баяндамасы тыңдалды.

Департамент басшысы университет ғалымдары үшін ScienceDirect дерекқорын тиімді пайдалану мүмкіндіктері мен оның қолдану тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, университет ғалымдары аталған ғылыми-ақпараттық база арқылы диссертациялық жұмыстар мен ғылыми мақалалар әзірлеуге қажетті өзекті ғылыми ақпараттарға қол жеткізе алады. Нәтижесінде мұрағаттардан іздеуге кететін уақыт қысқарады. Бұған қоса, Қуаныш Тастамбек қазіргі уақытта факультеттерді аралау және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының жағдайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікір алысып, университеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Отырысты қорытындылаған ректор Жансейіт Түймебаев ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен нәтижелілігін арттырудың маңыздылығын алға тартты. ЖОО басшысы ғылыми жобалардың нақты нәтижеге бағытталуын, қолда бар зертханалық базаны тиімді пайдалану және ғалымдарға қолайлы ғылыми орта қалыптастыруды тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі